KZ
Өскемен
+20°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, З
480.11 532.25 5.14

Өскеменнің «Алтай» клубы Әлем чемпионатына қатысатын болды

24.09.2018, 11:37 226


Өткен аптаның соңында әлеуметтік желілерде өскемендік «Алтай» волейбол клубының қыздар командасы Әлем біріншілігіне қатысатын болыпты деген алыпқашпа әңгімелер тарай бастаған еді. Бүгін сол ақпарат ресми түрде расталды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Үш дүркін Қазақстан чемпионының жаһандық додаға қатысатыны туралы қуанышты хабарды облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов жеткізді. Бұқаралық ақпарат құралдарымен өткен кездесуі барысында басқарма басшысы бұл чемпионат алдағы желтоқсан айында Қытайдың Чжэцзян провинциясында ұйымдастырылатын және оған әлемнің үздік 12 командасы қатысатынын хабарлады.


Негізі, мұндай байрақты бәсекелерге құрлықтық додаларда бірінші және екінші орын алған командалар ғана жолдама алады екен. Мұны баспасөз мәслихатына қатысқан «Алтай» волейбол клубының спорттық директоры Досжан Уалханов мәлім етті.


– Өкінішке қарай, біздің команда биылғы шілде айында Өскеменде ұйымдастырылған Азия чемпионатының финалына шыға алмай қалған болатын. Яғни, волейболшыларымыз Әлем біріншілігіне қатысу мүмкіндігінен де айырылған-ды. Алайда, облыс басшылығының тікелей қолдауымен біз Халықаралық волейбол федерациясына (FIVB) өтініш жазып, онда «Алтайдың» Әлем чемпионатына қатысуына рұқсат беруін сұраған болатынбыз. Жақында сол өтінішіміз қабылданды. FIVB басшылығы Өскемен қаласының қатарынан екі рет құрлықтық доданы жоғары деңгейде ұйымдастыра білгенін ескере келе, «Алтайды» жаһандық додаға қатысатын 12 ұжымның қатарына қосуды ұйғарыпты, – деді Д.Уалханов.


Айта кетейік, клубтық Әлем чемпионатына әр құрлықтан екі командадан қатысады екен. Жыл сайын ұйымдастырылатын жарыстың негізгі фавориттері болып әдетте Италия, Түркия мен Бразилияның ұжымдары саналатын-ды. Бұл туралы журналистермен кездесуге шақырылған «Алтай» қыздар волейбол командасының бас бапкері Юрий Панченко мәлімдеді.


– Мұндай додалар құрамалар арасындағы Әлем біріншіліктерінен де тартысты өрбиді. Өйткені, бұл жарыстарға төрткүл дүниенің ең айтулы волейбол клубтары қатысады. Кей командалардың әлеуеті тіптен ұлттық құрамалардан да жоғары десем қателеспеспін. Сондықтан бізге осындай ұжымдардың арасында өнер көрсетуге мүмкіндік сыйлаған облыс әкімі мен «Алтай» волейбол клубының басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Енді жарысқа дайындықты бастайтын боламыз, – деген Ю.Панченко жақында команда сапына бірнеше жаңа ойыншы келіп қосылатынын және волейболшы қыздарымыз Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізетінін жеткізді.


Ал енді қыздар командалары арасындағы Әлем чемпионаттарына қатысты статистикаға көз жүгіртсек, 1991 жылдан бері өткізіліп келетін бұл додада әр жылдары Бразилия (1991, 1994, 2012), Италия (1992), Әзірбайжан (2011), Ресей (2014) мен Түркияның (2010, 2015-2017) командалары топ жарыпты.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив