KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 0,6 м/с, С
478.16 534.92 5.18

Жеделсатылар Өскеменде шығарылып жатыр

19.04.2018, 10:30 127

Белоруссиядан облысқа вагоннан -вагонға тиеп тасымалдап, жеткізіп жүрген жеделсатылар өзіміздің Өскеменде шығарылып жатыр. Аблакеткадағы «Майралифт» шағын кәсіпорынының иесі түркиялық кәсіпкер Сардар Жанытез екен.  Осы кәсіпорында болып,  облысымызда алғаш рет лифт өндірісін ашып отырған кәсіпкермен жолықтық.


-Алматы, Астанадағы бірді-екілі лифт өндірушілер дайын бөлшектерді құраумен ғана шектеліп келеді. Біз басты қажетті механизмдерді өзіміз жасаймыз. Түркиядан бағыттаушы электроникалық жабдықтар мен қозғалтқышты ғана сатып алып отырмыз. Қытайда қозғалтқыштар өте арзан болғанымен сапасыз, сондықтан қымбат болса да ұзақ пайдалана алатындай  Түркияда шығарылған қозғалтқыштарды ғана қолданып отырмыз, - дейді Сардар.

«Майралифт» компаниясы тапсырыспен былтыр 10,  биыл   25 лифт жасап шығарған. Биылғылары жаңадан  салынып жатқан «Ривера» тұрғын үй кешеніне,  «Иртыш строй» мекемесінің құрылыс нысандарына орнатылған. Бірақ кәсіпорын  қаржының жоқтығынан үлкен көлемде тапсырыстар ала алмай келеді. Өңіріміздегі банктер кәсіпкердің елде жоқ жаңа өндірісінің тәуекелділігі жоғары деген желеумен несие беруден бас тартқан. Егер банктен несие беріліп жатса, кәсіпкер Түркиядан  мамандар шақырып, жергілікті мамандарды үйретіп, өндірісті жүйелі жолға қоймақ. Қаржы қолға тиіп, құрал жабдықтарға қолы жетсе «Майралифтің»  Өскеменді ғана емес басқа қалаларды да қауіпсіз жеделсатымен қамтамасыз ете алатынына   Сардар сенімді.


Сардар Жанытез, Өскемендегі «Майралифт» кәсіпорынының басшысы:


-Қазір өндірісте  Түркиядан келген инженердің басшылығымен 25 адам жұмыс істеп жатыр.  Толық іске қосылған жағдайда  70-100 жұмыс орынына дейін көбейтуі жоспарлап отырмыз. Лифт қауіптілігі аса жоғары құрылғы, сондықтан оның сапалы шығарылуына ғана емес, орнату, күтілуіне дейін жіті бақылауда ұстау керек. Қаладағы лифт қызметін көрсетуші компаниялардың кейбірі оларды монтаждап құрудың өзін  дұрыс жүргізбей отыр. Қаланың қонақ үйлері сияқты нысандардағы еуропалық лифттер қызметін білетін мамандар да жоқтың қасында. Лифт қызметін көрсетуші компаниялардың өтініштері бойынша ақауларын табуға көмектесіп тұрамыз. Байқағанымыз: қаладағы жеделсатылардың жағдайы жаға ұстатарлық, көтергіш құрылғылардың тозуы өз алдына, лифттердің жертөледегі шахтасы қалдық пен шаңға толып, бітеліп қалған.  Электр сымының кішкене ғана қысқа тұйықталуы болса өртке оранғалы тұр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив