Жұмысынан айырылса, әлеуметтік төлем төлене ме?
– Менің бір танысым былтыр күзден бері жұмыссыз қалған еді. Соның өтініші бойынша сұрайтыным, жаңа қабылданып жатқан заңдар бойынша жұмысынан айрылу жағдайына әлеуметтік төлем тағайындала ма? Тағайындалса, қандай құжаттар қажет болады?
Мәриямгүл Есенқызы
Көкпекті ауданы.
Сауалға «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының» Шығыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрлан Қыстаубаев жауап береді:
– Жұмысынан айырылу жағдайына төленетін әлеуметтік төлемге құқық мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына ол үшін әлеуметтік аударымдар төленген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелуге өтініш берген күннен бастап туындайды.
Өтініш халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген кезде немесе егер адам жұмыссыз ретінде тіркелсе, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына немесе егер адам жұмыссыз ретінде тіркелсе, www.egov.kz «электронды үкімет» веб-порталы арқылы беріледі. Қажетті құжаттар төмендегідей:
Жеке басты куәландыратын құжат (жеке куәлік, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, шетелдіктің тұруға ықтиярхаты);
Тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат (мекенжай анықтамасы немесе ауыл әкімдерінің анықтамасы, Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін – Ресей Федерациясы Байқоңыр қаласы тұрғын үй шаруашылығының азаматтарды есепке алу және тіркеу жөніндегі бөлімінің анықтамасы);
Жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы жұмыспен қамту орталығының анықтамасы.
Банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының нөмірі не түзеу мекемесінің қолма-қол ақшаны бақылау шоты туралы құжат.