ШҚО-да шөп өртену оқиғалары көбейіп тұр
Демалыс күндері шығысқазақстандық өрт сөндірушілер сегіз жерде шөптің өртенуін тіркеп, тілсіз жаумен күресті.
Сенбі күнгі өрттер ашық жерде шыққан. Риддер мен Зайсанның әрқайсысында 5 тоннадан , Катонқарағайда 15 тонна шөп жанып кетті. Риддерде өрт отты абайсыз пайдаланудан шықса, екі ауданда қасақана өртелген деген күдік бар. Алайда тұрғындарға қауіп төнбеген.
Ал жексенбі күні өрт негізінен ауллардан шыққан. Тарбағатай ауданы Қызыл Кесік елді мекенінде 20 тонна шөп жанып, өрт шаруашылық жайларына да жайылған. Күршім ауданындағы Сарыөлең ауылында өртті өрт сөндірушілер екі сағат дегенде әрең өшірді. Бұл жерде 15 тонна шөп отқа оранып, жанып кетті.
Бұл уақытта риддерлік өртке қарсы қызмет мамандары қаланың Солтүстік-шығыс бөлігінде шыққан тілсіз жаумен күресіп жатқан. Ашық алаңда малдың 6 тонна қысқы азығы тып-типыл болды. Үржар мен Ұлан аудандарының әрқайсысында төрт тоннадан шөп өртенді. Ұлан ауданында сонымен қоса 10 шаршы метр қора-жайды от шалды.
Өртке қарсы қызмет мамандары тілсіз жауды дер кезінде ауыздықтап, адамдардың зардап шегуіне жол бермеді.