Жарма ауданындағы Шар қаласының тұрғыны Зарина Примак екі дүркін Азия чемпионы атанды.
Қол күрестен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен құрлық біріншілігінде жерлесіміз осымен екінші рет үздік атанып отыр. Өткен жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында тағы да Заринаның бағы жанған болатын. Бұл жолы ол Бішкектің төрінде еліміздің әнұранын ойнатып қайтты. Жармалықтар чемпион жерлесімізді аудан орталығында үлкен құрметпен қарсы алып, қуанышына ортақтасты. Ал аудан әкімі Нұрлан Сыдықов Заринаның алдағы Әлем чемпионатына қатысуы үшін тікелей демеушілік қолдау көрсететінін жеткізді.
- Шалғайдағы Шарда жатқанымен, үнемі спорттық бабын жоғалтпай келе жатқан З.Примак жыл сайын өз нәтижелерін жақсартып келеді. Бішкек турнирінің алтыны – соның дәлелі, - дейді Н.Сыдықов.
65 келіден жоғары салмақта сынға түскен спортшы осылайша Венгрияда өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды. Бәсі жоғары бұл сайыс қыркүйек айына жоспарланған. Бішкектен келісімен спортшы алдағы турнирге дайындықты бастап кетті.
Есімжан Нақтыбайұлы