KZ
Өскемен
+18°
ясно жел 2 м/с, З
479.05 534.57 5.17

ШҚО-да технологиялық серпіліс әкелетін жеті жоба қолға алынып отыр

27.06.2017, 04:10 183

Облыс әкімі Даниал Ахметов Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс тобымен кездесті.


Облысымызда мүлде жаңа сипаттағы, технологиялық серпіліс әкелетін жеті жоба қолға алынып отыр. Жергілікті өндірістің өрісін кеңейтуге бағытталған бұл жобалар «ҮМЗ», «ТМК» және «Казцинк» сынды кәсіпорындардың базасында іске аспақ.


Олар: қорғасын мен  мырыш өңдеу технологиясын жаңғырту, «Гидрополимет» қондырғысы арқылы ауаға шығатын өндірістік қалдық мөлшерін азайту, магниттік-резонансты томографияға қажет жоғары өткізгіш сымдар алу, тантал мен ниобийден медициналық бұйымдар жасау, титан металын мұнай-газ саласына кіріктіру, титаннан жасанды дене мүшелерін дайындау, хлорлы қалдықтарды залалсыздандыру технологиясын әзірлеу жобалары.


Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес бұл жобаларға Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ғалымдары ғылыми сүйемелдеу жасауы тиіс болған. Жиында әр жобаға жауапты ғалымдардың атқарылған шаруалар туралы есебі тыңдалды.


Университеттің ғылым және халықаралық серіктестік жөніндегі проректоры Олег Гавриленконың айтуынша, әзірге Германия, Швейцария, Үндістан сынды елдердің осы салалардағы тәжірибесі зерттелуде. Сол үшін Германияға жұмыс тобы шығып, «DMG MORІ» зауытын аралап қайтқан екен.


Аймақ басшысы бұл жеті жобаға 2,7 млрд. теңге бөлінгенін еске салып, әзірге ғылыми жағы ақсап тұрғанын сынады.


-Біздің кәсіпорындардың барлығы қажет технологияны өз беттерімен де дайындай алады. Өндірістік база да мүмкіндік беріп тұр. Сіздердің басты міндеттеріңіз жобалардың экономикалық-техникалық негізін саралап беру болатын. Шығаратын бұйымның нарығын зерделеп, қай салада нақты қандай тетікке қолданылатынын анықтап, бағыт сілтеулеріңіз керек, - деді аймақ басшысы.


Облыс басшысы бұл жеті жоба да жергілікті өндірістің өрісін кеңейтуге бағытталғанын айтады. Әсіресе, титан, берилий, тантал сияқты әлемде сирек саналатын металдардың біздің өңірде молынан шоғырлануы жобалардың құнын арттырып отырса керек.


-Әлемде өндірілетін титанның 25 пайызын, берилий мен танталдың 30 пайызын біз өндіреміз. Бір сөзбен айтқанда, саладағы көшбасшымыз. Сөйте тұра, аталмыш металдарды дайын шикізат ретінде ғана өткіземіз. Ал сол дайын металды нақты бұйым етіп өткізсек, экономикаға да, өндіріске да пайдасы мол болады. Жеті жоба да - уақыт сынағынан өткен, өзін толық ақтайтын жобалар, - деді облыс әкімі.


Біздің кәсіпорындар дайындап берген титан құймаларын дамыған елдер медицина мен мұнай-газ саласына сәтті кіріктіріп отыр. Өйткені, титан салмағы жағынан дәстүрлі металдардан әлдеқайда жеңіл, ал беріктігі жағынан теңдессіз материал саналады. Әсіресе, мұнай-газ саласында күкірттің «шабуылынан» жиі тозатын бөлшектерді осы титаннан жасау белең алған. Бұл технология тұз бен күкірт қатар кездесетін біздегі мұнай өндірісіне де таптырмайтын тәсіл болмақ. Тек оның нақты қай кәсіпорынға, қай тетікті ауыстыру үшін қанша мөлшерде қажет екендігін анықтау қажет. Даниал Ахметов осы міндетті ғалымдарға жүктеп отыр.


-Осыдан 25 жыл бұрын біздің ғылым қалай жұмыс істесе, қазір де сол сарынмен жүр. Осының кесірінен экономиканың ешбір саласына ғалымдар үн қоса алмай келеді. Нақты іспен айналысқанның орнына ғылым мен өндірістің арасын ажыратып әлексіздер. Бұл жобаларға кезекті шәкірттеріңіздің атақ қорғайтын жұмысы ретінде емес, нақты жеміс беретін жұмыс ретінде қараңыздар. Ал сіздер айтып отырған технология таңдау, қалып құю деген сияқты жұмыстың бәрін 3D принтер-ақ жасап береді. Одан да титанды еліміздің мұнай-газ саласына қалай кіріктіретінімізге бас қатырып көріңіздер. Әлемдік ауқымда көсілуден аулақ болыңыздар. Нақты Қашаған мен Қарашығанақтың қондырғыларға қанша шығын жұмсайтынын, нақты қандай бөлшектерді титаннан жасауға болатынын саралаңыздар. Одан қандай пайда түсетінін кәсіпорындар алдын ала білуі керек. Ал қазіргі әңгіменің бәрі босқа уақыт өлтіруден басқа нәтиже бермейді, - деген аймақ басшысы «Казцинк» қолға алған ауаға шығаратын өндірістік қалдықтарды азайту жобасының дұрыс бағытта іске аса бастағанын атады. Бұл жоба бойынша ғалымдар мен өндіріс жетекшілері ортақ мәміледе жұмыс істеп отырғаны айтылды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив