KZ
Өскемен
+4°
ясно жел 1 м/с, С
482.86 533.17 5.08

Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтудің Шығыс Қазақстанда өзіндік дәстүрі бар

2.06.2015, 18:00 196



4 маусым күні Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтпек. Кез келген мемлекеттің елдігін айқындайтын бірден-бір белгі осы рәміздер болып табылады. Ал отансүйгіштіктің бір белгісі - мемлекеттік рәміздерімізді қадір тұту. Көк байрағымыз, қанатты пырақтары бар Елтаңбамыз, жүрек елжіретер Әнұранымыз - осының бәрі Тәуелсіздіктің қастерлі айшықтары.

«Мемлекеттік рәміздер - бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді» деген Елбасы Мемлекеттік рәміздерді қабылдауға зор мән беріп, 1992 жылғы 4 маусымда «Мемлекеттік Ту туралы», «Мемлекеттік Елтаңба туралы», «Мемлекеттік Әнұранның музыкалық редакциясы туралы» тарихи заңдарға қол қойды.

Бұл күн біздің елдің тарихында мемлекеттік символиканың пайда болған күні болып тарихқа енді. Ал 2007 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы қабылданып, содан бері бұл күн еліміздің Мемлекеттік рәміздері күні болып аталып өтеді.

Аталмыш Заңның бірінші бабында: «Мемлекеттік рәміздер - бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран мемлекеттік рәміздер болып табылады» деп көрсетілген.

Иә, мемлекеттік рәміздер - халқымыздың рухын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Мемлекеттік рәміздерді қадірлі ету үшін ең алдымен әр азаматта олар жайында терең түсінік болуы тиіс. Рәміздердегі бейнелердің қандай мағына беретінін білу - әркімнің парызы.

Мәселен, Елтаңбаның жүрегі - шаңырақ отбасын бейнелейді. Уақыт пен Кеңістікті біріктіретін қанатты тұлпарлар өшпес өмірді суреттейді. Елтаңбаның тәжі іспеттес жұлдыздың алар орны ерекше. Биікте жарқырап жанар жұлдыз қазақ халқын да сол аспаннан жарқыратып көрсетуге талпынғандай. Тұғырлы туымыздың ашық аспанды елестететін бірыңғай көгілдір түсі - бейбіт өмірдің, күн - байлықтың, қыран - азаттықтың нышаны. Осыны еліміздің әрбір азаматы өзінің бес саусағындай білуі тиіс.

Еліміздің әдеби-сазды төлқұжаты, мемлекеттік нышандарымыздың тағы бірі - Әнұран. Өткен тарихымыз бен болашақтың арман-қиялын бір әуенге сыйғызу оңай дүние емес. Бүкіл әлемге өзімізді өзге қырдан танытатын да осы - Әнұранымыз. Жас пен атақ-шенге қарамастан Әнұранды түрегеп орындау, оң қолымызды жүрек тұсына қойып, әрбір сөзін жүрекпен айту бұл да елге, жерге, Отанға деген құрмет болып саналады. 1986 жылы еркіндікті аңсаған қазақ жастарының бейресми Әнұраны «Менің Қазақстаным» болған еді. Тәуелсіздіктің көк туы желбіреген заманда, яғни, атап айтқанда, 2006 жылғы 7 қаңтардағы Конституциялық заңға сәйкес Мемлекеттік Әнұранның музыкалық редакциясы мен мәтіні жаңа редакцияда жазылды. Мемлекеттік Әнұранның авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар - Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Сөйтіп, ол алғаш рет 2006 жылы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасының Әнұраны ретінде Елбасын ұлықтау рәсімінде орындалды. Бұл Әнұранның сөзі, әуені үлкен-кішіге де оңай, айтуға да жеңіл. Жұрттың көңілінен шыққан, терең отаншылдық сезімдегі ән. Бүгінде біз осындай тұңғиыққа, тарихқа толы рәміздерімізбен әлемге мақтана аламыз.

Шығыс Қазақстан облысы Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеудің тамаша үлгілерін көрсетуге, оны ата салт-дәстүрімізбен сабақтастыруға үлкен үлес қосып келеді. Осы күнді атап өтудің өңірімізде өз дәстүрі қалыптасқан деуге болады. Айталық, мереке күні Өскемен қаласындағы «Қазақстан» деген жазуы бар тауда облыстың мемлекеттік қызметкерлері салтанатты түрде ант қабылдап, еліміздің заңын сақтауға, адал еңбек етуге сөз береді.

Бұл тауда ант беру рәсімінің өтуінің өзіндік мәні бар. Өйткені, оның ең ұшар басына тұғыр орнатылып, оған еліміздің көк байрағы тігілген, баурайына үлкен әріптермен «Қазақстан» сөзі жазылған. Бұл жер, сондай-ақ, қала халқы мен меймандар демалуға келетін сүйікті орындарының бірі.

- Өскелең ұрпақ өз елінің патриоты болып қалыптасуы керек. Өскеменнің ең биік тауына еліміздің Туын тігіп, Елтаңбасын, Әнұранының мәтінін орнату осы бағыттағы өте дұрыс қадам болды. Немерелерім маған «Ата, ту тұрған тауға қашан шығамыз?» деп сол жерге барғанды ұнатады, ол таудың басынан сұлу шаһарымыз алақандағыдай көрінеді. Біздің «Атамұра» ансамбліміз барлық жиындарында «Көк тудың желбірегені» деген әнді орындап жүр. Сол әнді алғаш естігеннен-ақ ұнатып, аталмыш ансамбльдің жетекшісі Ерболат Сәдуақасовқа хабарлап, туындыны репертуарға міндетті түрде қосу керек екенін айттым. Тыңдарман бұл әнді айрықша жылы қабылдайды. Өңірімізде жас мемлекеттік қызметкерлердің осындай қастерлі рәміздеріміз орналасқан жерде ант қабылдауы да бекерден-бекер емес, олар мемлекетіміз бен халқымыздың алдында жауапкершілік арқалап келеді. Сіздерді осы атаулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Бәріміздің жүрегіміз Отан деп соғып, Тәуелсіздік Туы халқымыздың еркіндігін паш етіп желбірей берсін, - деді осы ретте облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жаңабай Әшімов.

Ал ант қабылдаған жас қызметкерлер де бұл күнді әсте, ұмытпайды.

- Бұл мереке - мен үшін ерекше айтулы күн. Өйткені, мен былтыр дәл осы күні мемлекеттік рәміздер орналасқан тау тұғырында ант қабылдаған болатынмын. Менің ойымша, әр мемлекеттік қызметкер оған артылған жауапкершілікті жоғары бағалап, халқы үшін адал еңбек етуі қажет. Әрқашанда көк туымыз биікте желбіреп, елімізде бейбітшілік болсын, - дейді Өскемен қалалық кәсіпкерлік бөлімінің индустриялық-инновациялық даму секторының бас маманы Динара Есенгелдинова.

Осылайша, Шығыс өңірі бұл мерекені ереше форматта атап өтудің өзіндік бір дәстүрін қалыптастыра білді. Биыл да ұлық мейрам өңірімізде кең көлемде аталап өтпек. Айталық, ертең Өскеменнің барлық ықшам аудандарында, мекемелер мен мектеп жанындағы лагерьлерде Әнұранды бұқаралық орындау ұйымдастырылады. Таңертең Мемлекеттік Туды тапсыру эстафетасын металлургия көшбасшылары, шаһардың алпауыт кәсіпорындары - «Қазцинк» пен «ҮМЗ» бастайды. Одан соң байрақ «Бипэк-Авто» компаниясына табысталады. Сол жерден қаланың басты даңғылдары бойынша автошеру шығады. Ал спортшылар «Қазақстан» тауына шығудан жарысады. Облыстық драма театры алдыңдағы алаңда «Біздің Ту! Біздің Елтаңба! Біздің Әнұран!» патриоттық акциясы өтіп, Әнұранды бұқаралық түрде айту рәсімі жүреді. Осы күні, сондай-ақ, «Жыл патриоты» аталымының иегерлері марапатталады. «Отанды жүрекпен сүю!» диктантының, «Отанды сүю оның рәміздерін құрметтеуден басталады!» байқауының жеңімпаздары анықталмақ. «Даңқ» мемориалында қасиетті байрағымыз қаланың байкерлеріне табысталады. Бір сағаттан соң «Республика» алаңында Мемлекеттік ту шеруін велосипедшілер жалғастырып әкетіп, «Ақ батыр» кемесіне және «КС-110», «КС-111» катерлеріне жеткізеді. Одан әрі аспан түстес көк байрағымыз Ертістің бойымен өз саяхатын жалғайды.

Ержан Әбіш
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив