KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 6 м/с, З
441.41 477.78 4.84

Өскеменде Бірінші Петр емес, Қабанбай батырдың ескерткіші ашылады

23.01.2014, 18:00 142



Еліміздің ақпарат кеңістігінде желдей ескен әңгімеге соңғы нүкте қойылды. Өскеменге Бірінші Петр ескерткіші қойылмайды. Бұл туралы облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрболат Ахметжанов ақпарат орталығында өткізген брифинг барысында мәлімдеді.

– Соңғы кезде бірқатар баспасөзде Өскемен қаласының 300 жылдық мерейтойына орай қалада І Петрдің ескерткішін орнату жоспары туралы ақпарат жарияланған болатын. Бұл мәселені талқылап, ушықтыруға еш негіз жоқ. Санкт-Петербор мен Өскемен басшылығы арасында ескерткіш орнату туралы ресми келісім болған емес. Қоғам өкілдерімен кездесуде облыс басшылығы тарапынан қаланың дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғалардың есімін тарихи жадыда мәңгілік сақтаудың құптарлық іс екендігі жайында айтылған болатын. Осылайша, 2013 жылы облыс орталығында белгілі қоғам қайраткері А.Протозановтың, елімізде еңбек сіңірген металлург әрі «Халық қаһарманы» Ахат Күленовтің кеуде мүсіндері және атақты жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің ескерткіштері орнатылды. Орыс императоры І Петрге ескерткіш қою мәселесі қарастырылған емес, – деді Н.Ахметжанов.

Оның айтуынша, бұл – Үкімет жанындағы ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссияның құзырындағы мәселе. Аталған комиссия заңсыз ескерткіш қоюға жол бермейді.

– Біз – құқықтық мемлекетпіз. Елімізде қолға алынған жобалардың барлығы заң шеңберінде шешіледі. Мемлекеттік комиссия қарауына еліміздің аумағында орнатылатын барлық ескерткіштер енеді. Кез келген азамат өзінің жолдасына, әкесіне немесе құдасына ескерткіш қоя алмайды. Мұның барлығын мемлекеттік комиссия реттеп отырады. Аталған комиссияға Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед жетекшілік етеді. Комиссия құрамында еліміздің белді мәдениет қайраткерлері мен сәулетшілері бар. Жоба іс жүзіне асырылуы үшін мемлекеттік комиссияға өтініш түсуі керек. Комиссия мүшелері өтінішті қарап, шешім шығарады. Мемлекеттік комиссияға мұндай мәселе жолданбаған. Яғни, бұл – жел сөз, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Н.Ахметжанов.

Бұған дейін ғаламтор желілерінде қызу талқыланған Бірінші Петр мен Гагарин ескерткіштерін орнату туралы өтініш мемлекеттік комиссия қарауына түспеген. Сондықтан, аталған әңгімені одан әрі қоздатудың еш негізі жоқ.

Жуырда облыс орталығында қазақ халқының ұлы қолбасшысы Қабанбай батырдың ескерткіші ашылмақ. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде салтанатты түрде ашылатын ескерткіш Семей қаласынан Өскеменге кіреберіс жол бойында орналасқан. Ескерткіш аумағына екі гектар жер бөлінген. Аталған аумақ талапқа сай көріктендірілетін болады. Ескерткіш Астана қаласындағы «Балқыту» ЖШС-де құйылған.

«Ханбатыр», «Дарабоз» атанып, ел мен жерді жоңғар шапқыншыларынан азат еткен Қабанбай батыр Шығыс өлкесінде де қанды шайқастар өткізген айтулы қолбасылардың бірегейі.

Жалпы, бүгінде өңірде 612 ескерткіш бар.

Басқарма басшысының міндетін атқарушы алдағы қадау-қадау мәдени шаралар жөнінде де хабарлады. Мәселен, ақпан айында Өскеменге «Астана-Балет» хореографиялық ұжымы гастролдік сапармен келеді. Сәуір айының ортасында Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Құрманғазы атындағы дәстүрлі орындаушылар байқауы тұңғыш рет Шығыс Қазақстанда өтпек. Сонымен бірге Наурыз мерекесі шеңберінде Ресейдің Алтай аймағында шығысқазақстандық өнерпаздар өнер көрсетеді. Жергілікті көрермен әлемге белгілі Карл Дженкинстің «Абай-Шәкерім» симфониялық шығармаларын тыңдауы әбден мүмкін. Қазір осы бағытта келісімшарттар жүргізілуде. Аталған жоба шеңберінде сәуір айында алғаш рет Абай атындағы республикалық ән фестивалі өткізілмек.

– Өскемен қаласының тамыры тереңде жатқанын дәлелдейтін, байыта түсетін тарихи құжаттарды халыққа жеткізу, насихаттау – ғалымдардың еншісінде. Ел болып, осы мәселеге кірісуіміз керек. Мәдениетіміз биік болса, мәңгілік ел боламыз, – деді Н.Ахметжанов.

Думан Анаш
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив