11 миллионыншы қазақ Оңтүстік Қазақстан облысының Қазғұрт ауданында дүниеге келген, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Бұл хабарды кеше ҚР Статистика агенттігіне сілтеме жасаған Baq.kz тілшісі таратты.
2012 жылдың 28 желтоқсанында туған 11 миллионыншы қазақ - Мұхтар Абдрахым Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт ауданының АХАТ мекемесінде тіркелген. Нәрестенің туғандағы салмағы 3258 граммды құрады, ал бойы – 52 см.
Нәрестенің ата-анасы Қазығұрт ауданының Қарабау ауылында тұрады: анасы – Күдірбекова Шолпан Бақытжанқызы – мұғалім, 1984 жылы туған, әкесі – Бадамбаев Мәлік Абдрхымұлы – ауыл шаруашылығымен айналысады, 1979 жылы туған.
Агенттік мәліметінше, Қазақстанда 2013 жылғы 1 сәуірге нақтыланған халық саны 16967 мың адамды құрады, қазақтардың саны 11058 мың адам немесе 65,2%, орыстар – 3698 мың адам (21,8%), өзбектер – 511 мың адам (3%), украиндар – 306 мың адам (1,8%), ұйғырлар – 243 мың адам(1,4%), татарлар- 203 мың адам(1,2%), немістер- 182 мың адам (1,1%) және басқа этностар - 766 мың адам (4,5) құрады.