Шығыс Қазақстанда соңғы он жылдың ішінде тұрғындар арасында күйдіргі ауруының 14 жағдайы анықталған (соңғы жағдайлар 2008-2011 жылдары Жаңа Қанай, Мақаншы және Әуезов қала типтес кентінде тіркелді), деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің мәліметтері бойынша, ШҚО табиғи - климаттық жағдайы күйдіргінің қоздырғышының сақталуына қолайлы болуына байланысты облысымыздың 1/5 ауданында күйдіргі бойынша қолайсыз пункттер бар. Облыс аумағында ( 1948 жылдан бастап) күйдіргі бойынша 210 стационарлық – қолайсыз пункт анықталған.
Күйдіргі (сібір жарасы) дегеніміз– жіті жұқпалы аурушаңдық болып табылады, ол ағзаның ауыр улануы, қызба, көп жағдайда тері зақымданады (сирек кездесетіні ішек пен өкпенің зақымдануы). Аса қауіпті жұқпалар тобына жатады. Күйдіргімен барлық ауылшаруашылық жануарлар, жабайы аңдар, сонымен бірге адамдар да ауырады.
Мамандардың айтуынша, күйдіргі қоздырғыштарының негізгі сақталатын жері топырақ, онда қоздырғыш 70 жыл не одан да көп сақталады және осы уақыт ауылшаруашылық жануарлары үшін аурудық ошағы болып табылады.
Індет адамдарға ауырған малдардың еті және еттен жасалған өнімдері, қаны, сүйегі (ауру көздері), зарарланған сыртқы жамылғысы (жүні, терісі) арқылы жұғады. Сонымен қатар су, топырақ, қи, қора ішіндегі, цехтағы ауа да ауру таратуға себепші болуы мүмкін.
Адамдар үшін инкубациалық мерзім, ауру қоздырғышы енгеннен соң, бірнеше сағаттан, 4-7 күнге дейін созылады. Аурудың дене қызуы 39-40°С дейін көтеріледі. Қызарған қатты бөртпе қышып жараға , карбункулға айналады. Ауру белгілері біліне бастасымен, дереу медициналық көмекке жүгіну керек, уақытында дәрігерге қаралмай, өз бетімен, немесе халық емін қолдану арқылы емдеу бұл ауру үшін аса қауіпті.
Дәрігерлер қазір медицинада арнайы қолданылатын дәрілерді уақытында пайдаланған жағдайда бұл аурудан құлан – таза айығып кетуге болатынын растайды.
Аурудың негізгі алдын алу шаралары:
Жануарлардың өнімдерін, жануарлармен жұмыс істеген кездерде жеке бас тазалығын мұқият сақтау;
Егілген малдарды тек 14 күннен кейін ғана союға болады.
Мамандар мал өнімдерін, етті көшеде, аула аралап, арнайы құжатсыз сатып жүргендерден еш уақытта алуға болмайтынын ескертеді. Себебі олар көбінде ауырған малды сойып, ветеринарлық мамандарға көрсетпей, сатып жіберуге тырысады. Ауру шығуға себеп болатын да осындай жағдайлар.
ҚР «Ветеринария туралы» заңына сәйкес егер мал кенеттен ауырса, өлсе, мәжбүрлі союға жатса, дереу ветеринарлық дәрігерге хабарласу қажет. Ветеринарлық дәрігер келмей мал ұшасын бұзуға да болмайды. Құпия түрде сойылған малдың етін, терісін, жүнін және басқа да одан алынған азықтан адамдар мен жануарлар ауыруы мүмкін. Күйдіргіге қарсы алдын алу шараларын үнемі орындаған жағдайда жаңа ошақтардың пайда болуына жол берілмейді.
Санитарлық дәрігерлер осындай қарапайым ережелерді мұқият сақтағанда аса қауіпті індеттен сақтануға болады дейді.