KZ
Өскемен
+12°
ясно жел 5 м/с, С
482.86 533.17 5.08

Өскеменде өзгеше айтыс өтті

8.10.2012, 18:00 383


Өткен жұма, сенбі күндері Өскеменнің төрінде, Металлургтердің мәдениет сарайында әдемі сөз, алапат жыр додасы болып өтті. Жай ғана өткен жоқ, жырға шөлдеген елді сөз құдіретімен сусындатып кетті. Айтыстың Өскеменде өтуіне ықпал еткен облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ оған арнайы қатысты. Алғашқы күні айтылмаған сөз қалған жоқ, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысының 80 жылдығына орайластырылып өткізілген жыр додасын айтыс өнерінің басы-қасында жүрген белгілі ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жүрсін Ерман жүргізіп, Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова (қазылар алқасының төрайымы) сынды халық ақындары, айтыскер һәм жазба ақын Есенқұл Жақыпбеков, қазақтың жыршылық өнерін өрге сүйреп жүрген, сыр сүлейлерінің ұстазы, профессор Алмас Алмат, белгілі ақын-қайраткер Ақұштап Бақтыгереева және бір кездері айтыстың шаңын шығарған солақай-сері, өскемендік журналист Серік Құсанбаев және Жүрсін Ерманның өзі бар, барлығы жеті адам қазылық еткен. Осындай жыр сүлейлерінің қазылық етуінің өзі бұл айтыстың қаншалықты салмақты екенін танытса, Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Тілеуғали Қышқашпаевтың бастан-аяқ қатысуы айтысқа нақты басшылар тарапынан ерекше көңіл бөлінетінін байқатқандай болды.

Оқырманға түсініктірек болуы үшін айта кетейік, алдағы желтоқсан айында, ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында Астанада өтетін аламанға екі ақын ғана іріктеліп алынатын бұл айтысқа тоғыз жұп, яғни, 18 ақын қатысып, барын салды. Олар: Талдықорған қаласының намысын жыртқан Балғынбек Имашев пен Жандарбек Бұлғақов, астаналық Серікзат Дүйсенғазин, Еркебұлан Қайназаров, Бақытжан Қасымов, қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан, Жақсылық Орынбасар, Семей қаласынан Әсем Ережеқызы, Алматыдан Ринат Зайытов, Рүстем Қайыртайұлы, Біржан Байтуов, Асхат Қылышбек, қарағандылық Төлеген Жаманов, Дидар Қамиев, Мақсат Ақанов, Павлодардан Асланбек Шұғатаев және Өскеменнен Аслан Ғафуров пен айтыстағы жаңа есім Есімжан Нақтыбайұлы.

Аламанға жиналған қауымның аздығына қарны ашып: «Ақпақұлақ болса, алты жүз тыңдарман көптік етпейді, құймақұлақ болса, қырық адам аздық етпейді» деп, сахна төрінде саңқылдай сөйлеп, айтысты ашық деп жариялаған Жүрсін Ерман:

– Бүгін ұлы хакім Абайдың, сөз зергерлері – Шәкерім мен Мұхтардың еліне жыр көшін жалғастыру үшін келіп отырмыз. Сіздерді жыр қайнарынан сусындатып, бір қуанта алсақ, мақсатқа жеткеніміз деп білеміз. Міне, үш жылдан бері Астанада еліміздің Тәуелсіздік күніне арналған айтыстар өтіп келеді.

Осыдан екі апта бұрын Қызылордада оңтүстік пен батыстағы жеті облыстың таңдаулы ақындары жиналып, бақ сынасты. Енді бүгін облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ шақыруымен қалған жеті өңірдің айтыскерлері жиналып, өздерінің өлеңдегі өрелерін алдарыңызға жайып салмақ. Бұл алдымен Шығыс Қазақстан облысының құрылғанына 80 жыл толуына арналған, одан соң республикалық финалдың алдындағы іріктеу сайысы болып табылады, – дей келе ешқандай дау-дамай мен күдік болмауы үшін бұл додаға қатысатындар жеребе арқылы сайысқа түсетінін жеткізген. Көрермен ортасынан шығып, айтыскерді екі жаққа қойылған жабық конверттер арқылы айқындағандар алдымен өске-мендік Есімжан Нақтыбайұлы мен қарағандылық Дидар Қамиев сөз сайыстыратынын жеткізісімен аламан басталып жүре берген-ді.

Елдің еңсесін көтеріп, есте қаларлықтай болып өткен айтыстың соңын ала облыс Әкімі бағамды сөз айтты.

– Алдымен біздің осынау аламан айтысты Өскеменде өткізуді сұраған тілегімізді екі етпеген Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай мен оны тамаша өткізген Жүрсін Ерман мырзаларға, кемшін тұстарды ашық айтып, жақсылығымызды жарқырата сөз саптаған ақындар мен әділ қазылық жасаған ардақты жандарға мың да бір рақмет! Айтыс барысындағы өңіріміздегі жолдарға байланысты айтылған сындарды міндетті түрде ескеретін боламыз. Көшелер мен ескерткіштердің жағдайы да уақыт үрдісімен жөнге келетін болады. Сіздер бізді дұрыс түсініңіздер. Бізге ең басты керегі – ел бірлігі. Жақсы іс-шараға, игілікті істерге Шығыстың есігі қашанда айқара ашық, дастарқаны жаюлы. Ел-жұртымызға рух беретін осындай іс-шаралар дәйім көп болсын. Бұйырса, келесі жылы жерлесіміз, жазушы Оралхан Бөкейдің 70 жылдығын тойлаймыз. Сонда бас қосқанша амандықта болайық, – деген Әкім ақындарды марапаттауға көшті.

Сонымен облысымыздың 80 жылдығына орай және облыс Әкімінің жүлдесіне арналып өткі-зілген республикалық айтыстың барлық қатысушысы да марапатсыз қалған жоқ. Ешқандай жүлде бұйырмаған он ақынның өзі 150 мың теңгеге ие болса, төрт ақын: Ринат Зайытов, Мейірбек Сұлтанхан, Асхат Қылышбек және Жақсылық Орынбасар 200 мың теңгенің көтермелеу сыйлығын алды. Ал қатарластарынан озық ой айтып, жыр төгілткен Аспанбек Шұғатаев жүлделі үшінші орынды иемденіп, 400 мың теңге алса, Жандарбек Бұлғақов екінші орынға көтеріліп, 600 мың теңгені қанжығасына байлады. Барша жұрт алдында барын салған Балғынбек Имашев айтыстың тұғырлы бірінші орнынан көрініп, әсем әуезді, ойлы һәм сырлы жырларымен жұртты тамсандырған Әсем Ережеқызы айтыстың бас жүлдегері атанды. Олардың екеуі де темір тұлпарға ие болды.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив