KZ
Өскемен
+19°
ясно жел 4 м/с, З
479.05 534.57 5.17

Шығыс Казақстан мен Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданының байланысы беки түседі

26.09.2012, 18:00 261


Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы, Тарбағатай аймағы парткомының бірінші хатшысы Жан Янды қабылдады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Кездесу барысында екі өңірдің қарым-қатынасы талқыланып, экономика, денсаулық сақтау, мәдениет, білім, туризм салаларындағы байланысты дамытудың алдағы мүмкіндіктері жөнінде әңгіме өрбіді. Аймақ басшысы Шығыс Қазақстан мен Тарбағатай аймағының байланысы тереңнен бастау алатынын ерекше атап өтті.

– Қазақстан мен Қытай елі ежелден көрші мемлекеттер болғандықтан екі аймақтың арасында сыйластық қалыптасқан. Еліміз егемендік алғалы бұл байланыс жаңа деңгейге көтеріліп, жандана түскені белгілі. Өткен жылы екі жақтың сауда айналымы 1200 миллион долларды құраса, биылғы жылдың бірінші жартысындағы көрсеткіштер де көңіл қуантарлық.

Облыстағы негізгі кәсіпорындардың қандай тауарлар өндіретінінен хабардар шығарсыздар деген ойдамын. Біз үшін ең маңыздысы – өзімізде шығарылып жатқан тауарлардың экспорты. Осы мақсатта Шәуешек қаласында өткізілген көрме секілді шаралар жалғасын табуы керек деп санаймыз. Ендігі кезекте сіздер жақтың көрмесін Өскеменде өткізу туралы жоспарымыз бар, – деген облыс басшысы мұндай көрмелер мен өңір күндерін тек Өскемен мен Семей қалаларында ғана емес, облыстың басқа да аудан, қалаларында ұйымдастырудың мүмкіндіктері бар екенін жеткізді.

Осыған дейін Мақаншы, Семей, Аягөз өңірлерінде болған Тарбағатай аймағының делегациясы кәсіпкерлік салада жаңа әріптестер тапса керек. Соның бастамасы ретінде Өскеменде құрастырылған жүз автокөлікті Тарбаға-тай аймағына сатып алу жөніндегі келісімді айтуға болады.

– Сіздердің кәсіпкерлеріңіз Глубокое ауданындағы Черемшанка құс фабрикасына қатысты ұсыныстарын білдірген екен, біз бұл бастаманы қолдаймыз. Сіздер жақта Өскеменде құрастырылатын көліктер, бал және марал өнімдерін сату орталығын ашса, екі жаққа да тиімді болар еді. Біздің облыс тек өндірістік аймақ қана емес, мұнда ауыл шаруашылығы да жақсы дамыған. Кәсіпкерлеріңіз ауыл шаруашылық өнімдерін сақтайтын қоймалар салуға ниеттеніп отырғанын білеміз. Бұл да қолдауға тұрарлық жоба. Екіжақты байланыстың дамуына зор ықпал ететін саланың бірі туризм десек, Алакөл көлі бұл тұрғыда келешегі үлкен орынның бірі. Бұл жердің суы өте шипалы. Кеңес заманында ғарышкерлер осында келіп сауығып тұрған. Егер Алакөлде демалыс орындарын салуға қатысты жобалар болса, жер бөлуге, коммуникациямен қамтамасыз етуге көмектесетін боламыз, – деді өңір басшысы.

Облыс басшысы денсаулық сақтау саласындағы екіжақты байланысты дамытудың жаңаша жолдарына да тоқталды. Әсіресе Тарбағатай аймағынан келетін медицина мамандарының қызметіне сұраныс бар екенін айта келіп, Шығыс Қазақстанда соларға арналған орталық ашса, халықтың қосымша ақыл-кеңес алып, емделуіне жол ашылар еді деген ойын айтты.

Жан Ян мырза әуелі облыстың қонақжай пейіліне ризашылық білдіріп, Тарбағатай аймағы делегациясының құрамындағы кәсіпкерлер осындағы әріптестерімен жақын танысып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге бел буып отырғанын атап өтті. Хатшы сапар барысында мұндағы барлық ұлттың бірдей өмір сүруі үшін жасалған жағдайларға тәнті болғанын жеткізді.

Алакөлге демалыс орталықтарын салу және Черемшанка құс фабрикасына инвестиция тарту сынды туризм мен экономика саласындағы жобаларды қолдауға дайын екенін айтады делегация басшысы.

– Қытайда «алыстағы туыстан жақындағы көрші артық» деген тәмсіл бар, екіжақты экономиканы дамытуға құлшына кірісетін боламын, – деген хатшы өз тарапынан «Бақты» өткелінің режимін өзгертпеу, көкөніс өнімдерін өткізуді жеңілдетудің жолдарын қарастыру жөнінде өтініш айтты. Облыс басшысы көкөніс өнімдерін кешіктірмей өткізу үшін мерзімдік «жасыл дәліз» құруға болатынын айтып, «Бақты» өткеліндегі қазіргі режим сақталатынын жеткізді. Кездесу соңында екіжақты қарым-қатынастарды дамыту жөніндегі бірқатар келісімдерге қол қойған басшылар «Аягөз – Бақты», «Үрімжі – Шәуешек» бағыттарында теміржол желісін қалыптастырудың мүмкіндіктері мен келешегі жөнінде пікір алмасты.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив