KZ
Өскемен
+18°
ясно жел 1,2 м/с, ОШ
475.03 517.21 5.44

Алдымен жас отбасыларға жағдай жасалмақ

5.08.2012, 18:00 175


Шілде айынан бастап елімізде Елбасының Үкіметке берген тапсырмасына орай қабылданған «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.

– Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша мемлекеттік банк арқылы екі бағытта жүргізілетін бағдарлама ең алдымен жас отбасылар үшін тиімді болып отыр, – деді баспасөз мәслихатында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Нұрлан Күзембаев.

Бағдарлама тиімді болғанымен, бармақ тістеттіретін тұсы да бар, ол сол жас отбасылардың екеуінің де жасы 29-дан аспауы тиіс екендігінде болып тұр.

Сонымен қатар некеге тұрған уақыттары екі жылдан кем болмауы керек. Осындай басты бес-алты талаптар орындалған жағдайда ғана жас отбасы жаңа пәтерді кейіннен сатып алу құқымен жалға ала алады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша екі бағытпен жүзеге асырылғалы отырған бағдарламаның бірінші бағыты бойынша жергілікті атқарушы органдар салған баспананы тұрғын үй құрылыс жинақ бөлімшесінің салымшылары осы банктен алған несиеге сатып алады. Егер салымшының төлем қабілеті жеткіліксіз болса, пәтер оған ұзақ мерзімге, 8 жылға дейін жалға беріледі. Осы уақытқа дейінгі кезеңге жалға берілген үйде тұрып жатқан бағдарламаға қатысушы баспананы меншікке сатып алу үшін 8 жыл ішінде тұрғын үй құрылыс жинақтарын жинауы қажет. Жалға алып отырғаны үшін төленетін ақы бір шаршы метр үшін 100 теңгеден аспайтындай болып белгіленбек. Егер 50 шаршы метр болса, бес мың теңге жалға алу ақысы төленеді. Пәтерлер алдағы 2013 жылдан бастап жалға беріле бастамақ көрінеді.

Екінші бағыт бойынша баспана тек жас отбасыларына кейіннен сатып алатындай жағдаймен жалға беріледі. Жас отбасылар бірінші бағыттағыдай жалдық ақы төлемей-ақ несиесін қайтара бермек, яғни, жалдық ақыдан босатылады. 8 жылға жалға берілген пәтерде тұрып жатқан жас отбасылар осы уақыт аралығында тұрғын үй несиесіне қол жеткізу үшін банкпен белгіленген мөлшердегі тұрғын үй құрылыс жинақтарын салып отырады.

– Бірінші және екінші бағыт бо-йынша жалға ұсынылатын пәтерлер мен үйлер тұрғындарға кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға берілетіндіктен, жалға берілетін баспанаға қоныстану үшін жалға алушы өзінің тұрғын үй құрылыс жинақтау шотына 6 айлық салым көлемінде (мы-салы, 6 миллион теңге тұратан пәтер үшін айына 30 мың теңге салым төлеуі тиіс болса, соның алты айдағы мөлшерін–180 мың теңге) кепілдендірілген салым салуы тиіс. Егер белгіленген тәртіп бойынша жинақтау шотына салымдар салынбайтын болса, онда баспананы жалға алған жеке тұлға үйді босатуы тиіс, себебі, жинақ шотында салымдар уақтылы жинақталмағандықтан, үйді кейіннен сатып алатындай тұрғын үй несиесін алу мүмкіндігі болмайды, – деп «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасының басты шарттары мен ерекшеліктерін түсіндірген банк филиалының басшысы біздің облыс-та келер жылдан бастап 2020 жылға дейін аталған бағдарлама бойынша қанша үй салынатыны, оның қаншасы жас отбасыларына берілетіні тамыз айының ішінде белгілі болатынын айтты.

«Қолжетімді баспана – 2020» бағдар-ламасы аясында пәтер алушылар үшін несие пайызының мөлшерлемесі біршама төмендетіліп, алдын ала тұрғын үй заемдары бойынша – 8,5 пайыз, «Жеңіл» бағдарламасының аралық тұрғын үй заемы бойынша – 8 пайыз, аралық тұрғын үй заемы бойынша – 7,5 пайыз болып белгіленген. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жүзеге асатын тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің екінші бағыты бойынша пәтер алуға құқылы жас отбасылар өздерінің өтініштерін жергілікті жердегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдеріне тапсырулары керек. Жас отбасыларға жеңілдікпен жалға берілетін пәтерлерді бөлуді ТКШ бөлімі банкпен бірлесе отырып анықтамақ.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив