KZ
Өскемен
+6°
ясно жел 4 м/с, З
483.23 534.74 5.12

Тарбағатай ауданында мал тұқымын асылдандырумен айналысады

26.07.2012, 18:00 143


Самат Қыдырмолдаұлы өзіне етене жақын мал өсірумен жүйелі түрде айналысуды қалады. Соның ішінде асыл тұқымды мал өсіруге бет бұрды. Самат Тарбағатай ауданының Шілікті ауылында туып өсті. «Малдың жайын баққан біледі» дегендей,малды білетін ауылдықтар арасынан шықты, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

Самат жер мен малдың ерекшеліктерін ескере отырып, жұмыс істеуге тура келетінін де ой елегінен өткізді. Жемшөбі жоқ жерде мал өспейді. Сулы, нулы Қарғыба өзенінің бойында, Қарой телімінде 500 гектар шабындық жері бар. Бұл аймақтың табиғаты мен климаттық жағдайы асыл тұқымды ірі қараны өсіруге аса қолайлы. Қажетті азық үшін жемшөп базасын құрып, жеткілікті мөлшерде дайындап алуға да болады. Жалпы өз шаруа қожалығының иелігінде төрт мың гектардай жері бар.

Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылындағы «Балағазы-2» шаруа қожалығының жетекшісі Самат Тыштыбаев етті мал шаруашылығы жобасын іске асыру, өнімділігі жоғары асыл тұқымды ірі қара малын өсіру үшін «Аграрлық несиелік корпорация» акционерлік қоғамынан 20 миллион теңге несие алды. Осы мүмкiндiктердi барынша пайдалана отырып, асыл тұқымды малды өсiріп, көбейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға жан-жақты кiрiсуді көздеген ол қазіргі уақытта 500 бас ірі қара малына лайықтап қора және бақташыларға арнап үй салып жатыр. Шаруашылықта құрылысшылар мен бақташыларды қоса есептегенде 20 шақты адам жұмыс істейді. Ал құрылыс жұмыстарын енді бір айдың ішінде бітіріп, аталған нысандарды іске қосуды межелеп отыр.
Қожалық ұжымы қазақтың ақбас сиырын өсірмекші. Бұл күндері осы шаруашылықтың қарамағында бір жүзге таяу асыл тұқымды ұрғашы ірі қара малы мен алты бұқа бар. Бақташылар жалпы жиыны 330 бас малды бағып отыр.

Самат Қыдырмолдаұлы әлемдiк тәжiрибенi қолдана отырып, мал шаруашылығын өркендетiп, мал тұқымын асылдандыруға ерекше мән беріп келе жатқан Ұлан ауданындағы Василий Воропаймен бес жылдан бері жұмыс бабында жақсы араласып келеді. «Асыл тұқымды малды сырттан әкелерден бұрын алдын ала солардың қамын жасау керек. Азығын сайлап алмай, малды қалай өсірмексің, одан қандай өнім болады? Осыған байланысты бірінен-бірі туындайтын проблема аз емес. Мал азығы құнарлы болуы тиіс. Сонда ғана салмақ қосып, өнім береді» деп кеңес берген өз шаруасына мығым, тәжiрибесi мол Василий Григорьевичтен мал өсірудің қыры мен сырын үнемі үйреніп жүр. Алдағы уақытта ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара малын осы қожалықтан сатып алу жөнінде келісім жүргізді.

Шаруа қожалығындағы автомашиналары мен тракторлары ескірген. Самат техниканы жаңалау жағын да қарастыруда. Шөп шабатын қондырғы, жемшөп тартатын агрегат алмақшы. Біртіндеп мал басын өсіріп, 500 өгізше бордақылайтын алаңды және соның жанынан шағын құрама жем цехын ашпақшы. Бір қуантарлығы, соңғы жылдары мемлекет малды асылдандырумен айналысып жатқан кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетіп келеді.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив