KZ
Өскемен
+20°
ясно жел 2 м/с, Ю
481.84 531.33 5.07

Лондон Олимпиадасы: Рафаиль ескек есуден ел намысын жалғыз қорғайды

12.07.2012, 18:00 146


Рафаиль Вергоязов. Ол Тұманды Альбионда өтетін аламанда бөгет арқылы байдарка мен каноэда ескек есуден ел намысын жалғыз өзі қорғайды, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

Спорттың бұл түрінен үлес-тірілетін жолдамаға Рафаиль Азия чемпионатында қола жүлдені жеңіп алу және Польша, Словакия мемлекеттерінде өткен халықаралық турнирлерде жоғары нәтиже көрсету арқылы қатар қол жеткізген. Бір қызығы одан басқа елімізде ешбір спортшыға дәл осы сайыстан Олимпиадада сынға түсу бақыты бұйырмапты. Демек бөгет арқылы байдарка мен кано-эда ескек есу республикамыздың басқа өңірлерімен салыстырғанда біздің Шығыста әжептәуір ілгері басқан деуге негіз бар. Иә, Қазақстанның басқа аймақтарында бұл спорт түрі кереметтей дамып кетті деуге келмейді. Өйткені әлі жас болғандықтан республика аумағына толықтай таралып үлгермеді. Оған қоса табиғи себептер, яғни, жер жағдайлары да әсер етеді. Ал біздің Шығыста алға басушылық бар. Бәлкім сондықтан болар жарысқа қатысатын спортшылардың дені Өскемен қаласынан. Мәселен, Рафаильдің сенімді серігі, дүбірлі додаларда иық түйістіріп өнер көрсетіп жүрген Сергей Черкасов есімді тағы бір шығысқазақстандық саңлағымыз бар. Бұл жігіт Лондон Олимпиадасына бармайды демесек, ірі халықаралық турнирлердің бірнешеуінің дәмін татып көрген. Екеуі бір қайыққа мінгесіп тайдай тулаған тау өзенінде талай мәрте топ жарған. Былтырғы желтоқсан айында Қытайдың Мия қаласында өткен Азия чемпионатында Сергей күмістен медаль тағынып, Лондон Олимпиадасына жолдаманы иеленген-ді. Бірақ ол жолдама нақты Сергейге тиесілі болмағандықтан кейінгі халықаралық жарыстарда Рафаиль жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгендіктен ағылшын жеріндегі бәсекеге сол барады деп шешкен.

Одан бөлек 2008 жылы Бейжіңдегі Олимпиада ойындарында ескек есуден сынға түскен 18 жасар өскемендік Екатерина Лукичева бар. Ол аспан асты елінде жалауы желбіреген сайыста он бірінші орынға табан тіреген-ді...

Енді кейіпкерімізге келейік. Жалпы Рафаиль бұл спортпен он үш жасынан бері айналыса бастаған. Өзінің айтуынша, қайықта отырып алып ескек есу оны бала кезінен қатты қызықтырыпты. Сөйтіп арманын іске асыру үшін тәуекелге бел буған жасөспірім көзді жұмып қайыққа мінеді. Содан бері жылыстап өткен уақыт ішінде ол біршама тәжірибе жинақтап, шеберлігін шыңдай түсті. Айтулы бәсекелерге қатысып өзін жақсы қырынан көрсете білді. Оның сөзіне қарағанда оның толыққанды спортшы болып шығуына өскемендік мамандар Лариса мен Владимир Лукичевтер көп ықпал етіп, жаттықтырған.

Рафаиль Вергоязов алдағы күндері ағылшын жерінде болатын XXX жазғы Олимпиада ойындарына тастүйін дайын. Бұған дейін жерлесіміз Польша, Словакия елдерінде өткізілген халықаралық турнирге қатысып, ысыла түскен. Еуропада ұйымдастырылатын оқу-жаттығу жиындарына белсене араласып, физикалық күш-қуатын арттыру үшін жаттығу залында, бассейнде көп уақыт өткізген. Ұзақ қашықтыққа жүгіру және шаңғы тебу арқылы да дайындық жүргізуде.

Рафаиль Равильевич ВЕРГОЯЗОВ 1993 жылы туған. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ «Денешынықтыру және спорт» факультетінің студенті. Бүгінгі күні еліміздің ұлттық құрамасының мүшесі. Аталған спорт түрінен еліміздің бірнеше дүркін чемпионы және жеңімпазы. Азия чемпионатының қола жүлдегері һәм Лондон Олимпиадасына берілетін жолдаманың иегері.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив