KZ
Өскемен
-3°
небольшая облачность Штиль
481.84 531.33 5.07

Дархан Баяхметов - Лондон Олимпиадасында бағы ашыла ма?

28.06.2012, 18:00 228


Биылғы жаз спорт жанкүйерлері үшін халықаралық деңгейдегі дүбірлі додаларымен есте қалмақ. Футбол фанаттарын бір ай бойы дамыл таптырмаған Еуро-2012 бәсекесінен кейін араға бір айға жуық уақыт салып, Лондон Олимпиадасы басталады. Ағылшындардың астанасында байрағы желбірейтін бұл сайыста біздің өңірден алты спортшы бақтарын сынайды. Біз ел намысын қорғайтын жерлестерімізді оқырмандарға жеке-жеке таныстыруды жөн көрдік. Алғашқы кейіпкеріміз – грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дархан Баяхметов.

Күрес сүйер қауым оны 2008 жылы Бейжіңде өткен жазғы Олимпиада ойындарынан жақсы біледі. Қытай төріндегі аламанда бабы келіскенмен бағы жанбаған Дархан қола медальға қол созым жер қалғанда сүрінген. Алғашқы белдесулерде ол неміс және қытай спортшыларын жерге қаратып кеткенімен одан кейінгі қарсыласы 2007 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері француз Стив Жуенодан айласын асыра алмаған. Айта кеткеніміз дұрыс, жартылай финалдағы осы белдесуде Дархан француз палуанына есе жібермеген. Мұны бәріміз де көрдік. Бірақ төрешілердің бұра тартуынан келесі кезеңге Стив Жуено өтіп кеткен және Олимпиаданың алтын жүлдесін иеленді. Ал қола медаль үшін күресте Дархан Беларусь өкілі Михаил Семеновтен ұпай айырмашылығымен ұтылып қалды. Мұнда да төрешілердің «көмегі» тиді. Алайда күрес аяқталған соң кілемде қазылық еткен төреші Дарханға жақындап келіп: «Жеңіс сенікі еді, мен саған обал жасадым» депті. Осылайша, 23 жасар палуан өзінің спорттық ғұмырындағы алғашқы Олимпиадасын 5-орынмен тәмамдады.

Дархан Баяхметов - Лондон Олимпиадасында бағы ашыла ма?Бейжіңдегі сәтсіздіктен кейін Дарханның тауы шағылған жоқ, керісінше намысын шабақтап, қайраттана түсті. 2009 жылдың басында Францияның Клермоон-Ферранд қаласында шымылдығы түрілген әлем кубогында ол әуелгі қарсыласы француз Стив Жуеноға кеткен есесін аямай қайтарды. Біздің құрама Франция, Куба, Қытай спортшыларымен «В» тобына түскен болатын. Білікті бапкер Таңат Сағындықовтан тәлім алатын біздің жігіттер алғашқы кездесуде Қытай құрамасын тізерлетсе, екінші айналымда кубалықтардан 2:5 есебімен ұтылып қалған. Есесіне үшінші кезеңде француздарды 4:3 нәтижесімен жеңді. 2007 жылғы әлем чемпионатының күміс және Бейжің Олимпиадасының алтын жүлдегері Стив Жуено өз жанкүйерлерінің алдында Дарханнан оңбай ұтылды. Осы бәсекеде ол жекелей сын бойынша әлем кубогының иегері атағына ие болды.

Дархан Баяхметов 1985 жылы 21-тамызда Үржар ауданында дүниеге келген. Грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2008 – 2011 жылдардағы Қазақстан чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері, 2009 жылғы Азия чемпионы. 2010 жылы Гуанжоу қаласында өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері. 2011 жылы Бакуде өткен әлем біріншілігінде 5 - 8 орындарды, 2010 жылы Мәскеуде өткен әлем чемпионатында 5 - 8 орындарды иеленген. 2008 жылғы Бейжіңде өткен жазғы Олимпиада ойындарында 5-орынға табан тіреді. 2012 жылы Астана қаласында өткен іріктеу турнирінде (азиялық) Лондон Олимпиадасына берілетін жолдаманы жеңіп алды. Салмақ дәрежесі: 66 келі. Бойы: 172 см.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив