KZ
Өскемен
+5°
пасмурно жел 2 м/с, СШ
478.93 534.96 5.16

Аққала ауылында бірде-бір адамға несие бұйырмады

5.06.2012, 18:00 126


Екпін ауылдық округіне қарасты Аққала ауылында екі жүзге тарта адам тұрады. Бас-тауыш мектеп, медпункт пен сауда дүкені бар. Осы шағын елді мекендегі ақсақалдар алқасының төрағасы Нұролда Аюповпен кездесіп, ардагерден ауыл жұртын жұмыспен қамтудың бағдарын сұрағанымызда:

– Елбасы Жолдауында бұл мәселе орынды көтерілген. Әсіресе, мына өзіміз тұратын Аққала сияқты шағын ауылға қамқорлық қажет-ақ. Бірақ кейінгі жылдары осы елді мекендегі бірде-бір адамға несие бұйырмады. Екі қолға бір күрек тауып беретіндей жұмыс орындары да ашылмады. Жастардың дені қалаға бет алуда. Егер олар осылай кете берсе, ауылда тек біз сияқты зейнеткерлер ғана қалмақ па? – деді.

Еңбек ардагері Тоқан Шәйкенов, жастар Айбек Мағауов, Аманғазы Рамазанов та Нұролда ақсақалдың пікірін қостап, жастарды еңбекпен қамту үшін қаржылай қолдау қажет екендігін білдірді. Аққалалықтардың осы талабын ауылдық округтің бас маманы Берік Қоңыровқа баян еткенімізде ол:

– Халықты жұмыспен қамтуға талап деңгейінде қамқорлық жасалып келеді.

Өткен жылы округ бойынша «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында Олжас Шаймардановқа 1,4 миллион теңге несие берілген еді. Кәсіпкер бұл қаражатқа дәнекерлеу цехын ашып, оған қажетті құрал-саймандар сатып алғаннан бері ауылдағы мекемелер мен жеке тұрғын үйлердің жылу жүйелерін жөндеуге атсалысуда. Ал аталмыш бағдарламамен бір миллион теңге несие алған Мақсат Күшебаев та меншік наубайхана құрылысын кеңейтіп, санитарлық талаптарға сай күрделі жөндеуден өткізуде. Егер Аққала ауылынан осындай кәсіпкерлік құрғысы келетіндер болса, келешекте оларға несие беруге жәрдем жасалады,– деді.

Бас маман осы сөзі арқылы несие кәсіпкерлік құрғысы келетіндерге ғана берілетінін меңзеді. Ал шағын ауылда қандай кәсіпкерлік құруға болады? Жарайды, осы ауылдың бір азаматы несие алып, мебель жасайтын цех ашты делік. Сонда оның жасаған бұйымдарын кім алмақ? Сауда дүкенін ашудың тағы да реті жоқ. Өйткені, шағын ауылға бір сауда дүкенінің өзі де жетеді, тағысын тағы дегендей. Сондықтан несие мал мен егін өсіргісі келетіндерге берілсе және оларға сондай жағдай туғызылса жөн болар еді.

Жалпы, Аққала ауылы округ орталығынан жеті шақырым жердегі Ақсуат – Аягөз күре жолының бойында, шабындығы шұрайлы, жайылымдығы құнарлы өңірде орналасқан. Ауыл жұртының ауызбірлік, ынтымағы да берік көрінді. Мұндай елді мекендерді болашағы жоқ ауылдардың қатарына қалай қосарсыз. Мұндағы жұрт несие алып, кәсіппен шұғылданса, еңбекпен қамтылып, еңсесі көтерілер еді. Жастардың да ауылға тұрақтайтыны аян.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив