KZ
Өскемен
+26°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
471.46 504.79 5.53

Алакөлдің жағасын бекіту жұмыстары талапқа сай жүзеге асырылады

17.05.2012, 18:00 150


Кеше аймақ басшысы жұмыс сапарымен Үржар ауданында болып, күн санап ауылға тақап келе жатқан Алакөлдің жағасын бекіту жұмыстарын көрді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Іссапарын алдымен Алакөлдің жағасынан бастаған аймақ басшысы көл толқындарынан зардап шегудің аз-ақ алдында тұрған «Бұғаз» қонақүй кешенінің жағдайымен танысты. Жағалауды бекіту жұмыстарымен айналысып жүрген «Гордорстрой» ЖШС-нің басшысы Бауыржан Қайрамбаевтың айтуынша, жоспар бойынша 2014 жылы іске қосылмақ нысанға жағалауды ұрғылап жатқан толқындардан келетін қауіп орасан. Қазіргі кезде негізгі ғимарат пен жағалау арасын небәрі он-ақ қадам бөліп тұр. Бүгінде базаның дема-лыс жағалауы және асфальтты жолдары су астында қалған. Нақты шара уақытында қолданылмаса, жағалаудағы демалыс базасымен бірге Қабанбай ауылына да қауіп төнуі мүмкін. «Қазселденқорғау» мекемесінің Семейдегі басқармасының бастығы В.Жұмағалиев толқындардың екпінін азайтатын, су айдынына сұғыла салынып, кемелер екі жағынан тоқтауға мүмкіндік алатын құрылғылар – пирстерді көбейту керектігін алға тартады.

Облыс Әкімінің орынбасары Жомарт Мұратов көлдің демалыс базалары мен Қабанбай ауылы орналасқан төрт шақырым аумаққа созылып жатқан жағалауын бірінші кезекте бекітіп алу қажеттілігін алға тартып, қолға алынып жатқан шаруаларды баян етті. Ол үшін алдымен мұқият ойластырылған гидрогеологиялық зерттеу керек. Себебі, осыған дейін жағаны бекіткен бетондарды су шайып кеткен. Мамандардың айтуынша, жағаға алдымен геотекстиль салып, арнайы бетондарды қалай отырып орнату қажет. Сонда ғана нәтиже болмақ. Ал бұған дейін осы ережелер еске алынбай, салынған бетондар бүлініп, соның кесірінен жағадағы бар пирстер де судың астында қалған.

Мамандардың айтқандарын зерделеген облыс басшысы мәселені түбегейлі шешу үшін жақын арада барлық мамандардың қатысуымен арнайы жиналыс өткізіп, нақты шешім қабылдауды орынбасары Жомарт Мұратовқа, облыстық құрылыс басқармасының бастығы Думан Сүлейменовке тапсырды.

– Алакөлдің туризмді дамыту бағытында тамаша мүмкіндіктерін толықтай пайдалануымыз керек. Соңғы жылдары ресейлік, отандық туристер Алакөлге келіп демалуды жоспарлай бастады. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Алакөлге келушілер жылына 40-50 мың адам болса, бүгінде ол екі есеге артқан. Соларға туристік қызмет көрсету үшін бұл жер барлық талаптарға сай болғаны дұрыс. Жол, су, канализация болу керек. Демалыс, мәдени, спорттық орындарын ашу қажет. Су қанша шипалы болғанымен, жағдай болмаса туристер келмесі анық. Сол үшін біз Алматы – Үржар әуе рейсін қайтадан қалпына келтірдік. Үржардағы әуежай талапқа сай жөнделді. Үржардан Алакөлге дейінгі автокөлік жолы да жөндеуден өтеді. Демалыс маусымы ашылғанша аяқталып қалар. Мұнда ересектермен қатар, балаларға арналған демалыс орындары да қарастырылуы қажет. Басқа аудандардың балалары да демалуы керек мұнда. Екіншіден, жағаны бекіту жұмыстары да талапқа сай жүзеге асырылады. Онымен үш жылдан бері айналысып келеміз. Алакөлдің табиғи ерекшелігіне орай жаға бекіту жұмыстарының тәжірибесі шетелдердің өзінде өте сирек кездеседі. Соған қарамастан қолға алған жұмыстар нәтижесін беруде. Пирстерді қолдануда жетістіктер бар. Сондықтан алдағы аптада бар мамандарды жинап, Алакөлдің мәселесін толық талдайтын боламыз, – деді облыс Әкімі.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив