KZ
Өскемен
+21°
переменная облачность жел 2 м/с, СБ
450.79 482.21 5.05

Туризмді табыс көзіне айналдыратын кез жетті

10.04.2012, 18:00 158



Туризм индустриясы қайтсек өркендейді? Шығыстың тамаша табиғатын табысқа айналдырудың жолы қайсы? Туризм арқылы экономикасын өрге оздырып отырған шет мемлекеттерден нені үйрену керек? Осы және аталған салаға қатысты басқа да өзекті мәселелер облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты талқыланды.

Шығыста туристік кластерді құру мен дамытудың мастер-жоспарын дайындау жайында баяндама жасаған Қазақстан туристік қауымдастығының президенті Роза Асанбаева бұл бағыттағы жұмысты ең әуелі туристік қызмет көрсету нарығына сараптама жасаудан бастау қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан, соның ішінде Шығыс Қазақстан тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан және ерекше табиғи ландшафтарға бай болғандықтан саяхатшылар легін өзімізге тартуға ешқандай қиындық жоқ. Деректерге ден қойсақ, келешекте Қытай 96 миллион туристік сапар жасайды деп болжанса, Ресей 58 миллион, Үндістан – 46 миллион, Таяу Шығыс елдері 42 миллион саяхаттық сапар жасалмақ. Ендеше, осындай мол олжаның ортасында отырып, оны пайдаланбау күнә.

Сонымен қатар маман өңірдегі туристік инфрақұрылымды дамытуда инвестиция жұмылдырудың маңыздылығын да атап өтті. Жалпы туризм инфрақұрылымы көліктік инфрақұрылым желісін құрумен тікелей байланысты екені белгілі. Ішкі-сыртқы саяхатшыларды тартудың басты алғышарттарының бірі – әуе, теміржол, автомобиль және су көліктерінің қолжетімділігі болып табылады.

Жиында кадрлардың деңгейін көтеру мәселесі де қаузалды. Туристік сала үшін кадрларды даярлау жөніндегі салалық кеңес төрағасының орынбасары, Өскемен кәсіби даярлық және сервис колледжінің директоры Болат Қабдушәріпов баяндамасында осы бағытта атқарылып жатқан оңды жұмыстармен таныстыра келе студенттерді іс-тәжірибеден өткізу және жұмысқа орналастыру жағы біраз қиындық туғызатындығын айта кетті. Мамандардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу сияқты өзекті тақырыптар да қаперден тыс қалған жоқ.

Кеңес отырысының соңында облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасы «Туристік қызмет туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныс дайындап, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне жолдау, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы қалалар мен аудандар әкімдерімен бірлесіп туризмді дамыту бағытында инвестициялық жобаларды әзірлеу, Катонқарағай, Күршім, Шемонайха аудандары Риддер қаласы әкімдерімен тізе қосып шекара бойында орналасқан өңірлерде трансшекаралық маршруттарды дамыту бойынша ұсыныстар дайындау тәрізді бірқатар мәселелер төңірегінде нақты шешімдер қабылданды.

Мәлімет көзі Altaynews




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив