KZ
Өскемен
-3°
небольшая облачность жел 2 м/с, СШ
481.84 531.33 5.07

Келер жылы кеншілер қаласын көркейтеміз

3.01.2012, 18:00 174


Риддерде қысқы спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Тау шаңғысы да, конькимен сырғанау да, шаңғымен жүгіру де, шайбалы хоккей де, фристайл да, қысқасы бәрі осында. Биылғы өткен Азиада ойындарында қоржынды алтын медальмен толтырған спортшылардың көбісі осы өңірден шыққан және әлі де шыға бермек. Кеше кеншілер қаласына жұмыс сапарымен барған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жас буынды спортқа баулыған нысандарды аралап көрді.

Риддер қаласындағы №14 орта мектептің ауласына бұл күні балалар көп жиналыпты. Бәрінің қолдарында хоккейдің бір-бір сырғытпа таяғы, аяқтарында коньки. Кейбіреулері тіпті үстеріне арнайы хоккейшінің киімін де киіп алыпты. Сөйтсек білім ордасының алдындағы ат шаптырым аумақты қоршап жасаған мұз айдынында оқушылар арасында шайбалы хоккейден шағын жарыс өтіп жатыр екен. Аймақ басшысы балғын спортшылардың тартысты бәсекесін біраз тамашалаған соң бүгінгі күні алты жүз тәлімгерді білім нәрімен сусындатып отырған қара шаңырақты аралады. Математика және химия-биология пәндерін тереңдетіп оқытатын аталмыш мектепте барлығы 43 мұғалім жұмыс істесе, оның 38-і жоғары білімді қызметкер.

Сынып бөлмелерін аралап көріп, ұстаздармен сөйлескен соң өңір басшысы осы мекемеде орналасқан №136, 137-ші сайлау учаскелерінің жұмысымен танысты.

Бұдан кейін Әкім шаһардағы «Сокол» стадионына тоқтап, жалт-жұлт еткен мұз айдынында сырғанап жүрген конькишілердің, сондай-ақ тау жотасынан жұлдыздай аққан шаңғышылардың өнерін тамашалады. Барлығы он мыңға жуық жанкүйерге шақталған ескі стадионда жазда футбол ойнаса, қысқы маусымда шайбалы хоккейдің көрігі қызады. Дегенмен ескінің аты ескі, жөндеуді қажет етеді. Осы орайда облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жөндеу жүргізу мәселесін назардан тыс қалдырмайтынын айта келе, риддерлік спортшылардың соңғы кездегі әлемдік бәсекелерде көрсеткен нәтижелеріне көңілі толмайтынын жеткіз-ді. Сондықтан А.Полторанин, С.Черепанов сынды шаңғышы ұл-қыздардың дайынды-ғын күшейтуді тапсырды.

Жергілікті кәсіпкер Евгений Козьминнің иелігіндегі тау жотасында сноубордшылар легі күндіз-түні ағылып жатады. Демалыс және мерекелік күндерде жотадан шаңғымен сырғанау тегін, басқа уақыттарда ақылы. Бір жақсысы мұнда спортты енді ғана бастап жүргендер үшін барлық жағдай қарастырылған. Тау жотасында болып, сноубордшылардың аяқ алыстарын көзімен көрген аймақ басшысы қысқы спортты дамыту үшін осындай алаңдарды көптеп ашу керектігін айтты.

Кеншілер қаласында жұрт аузынан тастамай айтып жүрген тамаша кинотеа-тр бар. Соңғы үлгідегі шетелдік құрал-жабдықтармен жаңартылған кинотеатрды аралап көрген Әкім осы шаруаны қолға алған кәсіпкер Арман Қабитхановпен әңгіме арасында алдағы уақытта мұндай кино залдарын облыстың басқа қалаларында да жасау керектігін жеткізді.

– Киноны көрсететін проекторды Чехиядан, поп-корн аппаратты Англиядан алдыртсақ, креслолар итальяндық. Басқа да ұсақ-түйек құрылғыларды қоса есептегенде жабдықтауға жалпы сомасы 150 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсадық. Шамамыз келгенше халықтың жайлы жерде отырып фильм көрулеріне жағдай жасап жатырмыз, – деді Арман Қабитханов.

Жұмыс сапарының соңына қарай облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қала активімен кездесті. Жиында негізінен өткен он бір айдың қорытындысы бойынша Риддер қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, аймақ басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы, тұрғындарды жылумен қамтамасыз етудің жай-күйі және басқа да бірқатар мәселелер қаралды. Алғашқы мәселе жөнінде қала әкімі Манарбек Сапарғалиев қысқаша баяндама жасады. Оның сөзіне қарағанда шаһарда мектепке дейінгі балаларды тәрбиелейтін мекемелердің жетіспеушілігі (облыста ең төменгі көрсеткіш 62%), медицина саласы кадрларының тапшылығы, ұзақ жыл қызмет еткен инженерлік инфрақұрылымдардың тозуы сияқты өткір проблемалар бар көрінеді.

– Қаладағы инженерлік инфрақұры-лымдардың басым бөлігі ескірген, қыс кезінде апаттық жағдайлардың орын алуы сондықтан. 2011 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 119 млн. теңге көлеміндегі қаржының көмегімен 8 км. 165 метр болатын су құбырына жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде тозығы жеткен құбырлар жаңартылды. Ал-айда әлі де болса жаңартуды қажет ететін жылу жүйелері, су құбырлары бар, – деп атап өтті баяндамашы Манарбек Сапарғалиев.

Қала басшысының сөзін құлақ салып тыңдаған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ әлеуметтік мәселелерге байланысты бірқатар жауапты адамдарды тұрғызып, жағдайды нақтылады. Ең әуелі қыстың көзі қырауда жұрттың жылусыз қалмауын қамтамасыз етуді, егер алда-жалда апат бола қалған жағдайда оны дереу қалпына келтіруді мықтап тапсырды. Сондай-ақ, Әкім жылуға қатысты әңгіме өрбіген кезде жергілікті «ЛТВК – СОРИСС» мамандандырылған кәсіпорын» ЖШС басшысы Александр Поповты қатты сынға алды.

– Ол неге жиынға келмейді?! Осымен неше рет өзінің орынбасарын немесе басқа адамдарды жібереді. Егер бұлай жалғаса берсе, басқаша сөйлесеміз. Жиынға қатысып, проблеманы бірлесіп қарауымыз керек қой, – деп сөйлеген облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ жақында апат болған ықшамауданның әкімін орнынан тұрғызып, қазір оқиға орнында қандай жұмыстар орындалғанын сұрады. Жергілікті атқару-шы билік өкілінің сөзінше, апат салдары түгел жойылып, қалпына келтіріліпті. Жылу қазандықтары еш кедергісіз жұмыс істеп тұр.

Жиында сонымен қатар көктемгі қар еріген кездегі қауіпсіздік шаралары, жазда жүргізілетін терможаңғырту, абаттандыру жұмыстары, халықты еңбекпен қамту, мектептердегі білім сапасын арттыру сияқты жұрттың көкейіндегі сұрақтар тілге тиек болып, Әкім тиісті орындардың басшыларына міндеттер жүктеді. Алдағы саяси науқанға тұрғындардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету жағы да қаперден тыс қалған жоқ. Айтпақшы, өңір басшысы өз сөзінде бұған дейін Өскемен мен Семейге көмектескен барлық аудандар мен қалалар келер жылы Риддерді көркейтіп, көріктендіруге қол ұшын беретіндігін айтты.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив