KZ
Өскемен
+12°
переменная облачность жел 1 м/с, С
478.93 534.96 5.16

«Алтай» қыздары Әлем чемпионатында бесінші орынға ие болды

10.12.2018, 03:38 105


«Алтай» Әлем чемпионатын ірі жеңіспен аяқтады. Бесінші орын үшін кездесуде өскемендік ұжым франциялық «Волеро Ле-Канне» командасын 3:0 есебімен талқандады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Шыны керек, кеше Қытайда мәресіне жеткен жаһандық доп додасының алғашқы ойындарынан кейін Юрий Панченконың шәкірттері ақыр соңында бесінші орыннан көрінеді дегенге сену қиындау болатын. Себебі, топтық кезеңде алдымен түркиялық «Эжзажибашидан», одан кейін бразилиялық «Прайядан» 0:3 есебімен ойсырай ұтылған «Алтай», бұдан соң тайландтық «Супримге» де (1:3) жол беріп, өз тобында соңғы орында қалып қойған еді.


Дәл сол ойындардан кейін жанкүйерлердің біразы командадан күдер үзген рас. Тіптен, «Алтай» жарыс қорытындысы бойынша ең соңғы орынды місе тұтады деген болжамдар да айтылған-ды. Алайда, қыздарымыз мұндай жорамалдың бәрін жоққа шығарды. Аутсайдерлер айқасында алдымен алаң иелері, қытайлық «Чжэцзян» волейболшыларын 3:1 есебімен тізе бүктірген алтайлық арулар артынша Францияның Ле-Канне қаласынан келген қарсыластарын да қапы қалдырды. 3:0 есебімен аяқталған кездесудің партияларында 26:24, 25:14, 25:13 нәтижелері тіркелді. Бұл жолы да «Алтай» сапында команда капитаны Сана Анарқұлова мен әзірбайжандық легионер Наталья Маммадова ерекше көзге түскенін айта кеткен жөн.


«Басы – қатты, аяғы – тәтті» дегендей, осылайша, жеңіліспен басталған чемпионаттың соңы жеңіспен аяқталды. «Алтай» төрткүл дүниенің ең айтулы ұжымдары қатысқан доп додасында бесінші орынға ие болып, кішігірім сенсация жасады деуге толық негіз бар.

Ал осымен 12-ші рет өткен клубтық Әлем чемпионатының жеңімпазы болып ыстамбулдық «Вакыфбанк» танылды. Түркия чемпионы финалдық кездесуде бразилиялық «Минас» командасын 3:0 есебімен сенімді ұтты. Әлем біріншілігінің қола жүлделеріне Ыстамбул қаласының тағы бір өкілі «Эжзажибаши» волейболшылары ие болды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив