Семейлік боксшылар сібірліктермен жұдырықтасты
Семейде бокс және кикбоксингтен халықаралық турнир өтті. Сайыс ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Берікқазы Сулейменовтің 60 жас мерейтойына орайластырылды. Шаршы алаңда ұзын саны 16 спортшы бақ сынасты. Дәлірек айтсақ, Семей құрамасы көршілес сібірліктерге қарсы тұрды.
8 кездесудің түгелінде қазақ саңлақтары қарсылас шыдатпады. Тіпті жекпе-жектердің басым бөлігі уақытынан тыс аяқталып жатты. Төрешілерге нокдаун мен нокаутты бірнеше рет тіркеуге тура келді. Қуантарлығы, барлығында жерлестеріміздің тізесі бүгілген жоқ. Әсіресе Ермахан Жақыпбеков пен Павел Чазовтың арасындағы жекпе-жек көпшіліктің көңілінен шықты. 69 келідегі тартыс, соңына дейін жалғасты. Десе де Ермахан аяққа тұрмай, ресейлікті ауыр соққының астына алды. Төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіс Жақыпбековке берілді. Бұл жас өреннің ересектер арасындағы алғашқы бәсекесі.
-Бас қорғаныс құралысыз алғаш рет жұдырықтастым. Оның үстіне ересектер арасында бірінші рет шықтым. Жақсы тәжірибе жинақтадым. Дегенмен әлі де жаттығуды ширата түсу керек. Жас болғандықтан ағзамда дамып келеді. Бұл салмақта қалуым-қалмауымды уақыт көрсетер, - деп атап өтті Е. Жақыпбеков
Басқа кездесулерде кикбоксингтен Михаил Иванченко, Арнал Қанапиянов, Қанағат Нұрғалиев, сондай-ақ бокстан Айдархан Нуканов және Қанағат Маралов жеңімпаз атанды Берікқазы Сулейменов, саналы ғұмырын спортқа арнаған жан. Білікті бапкер, талай қарымды саңлақтардың түлеп ұшуына септесті. Мәселен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Мұхаммед Али Кубогін қанжылаған Асан Сексенбаев, сол секілді кикбоксингтен Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Қайрат Смағұлов, әскерилер арасында әлемнің үздігі атанған Мейіржан Рақымжанов және ұлттық құраманың өкілі Қанағат Маралов дәл осы маманның төл шәкірттері.