ШҚО-да алғаш рет Эндуро-кросс мотобәйгесі өтті
Шығыс Қазақстанда тұңғыш рет мотоспорттың Эндуро-кросс түрінен облыстық ашық біріншілік өтті. Өскеменнің іргесіндегі «Алтай Альпісі» демалыс базасында ұйымдастырылған жарысқа Өскемен, Семей, Риддер және Шемонайха қалаларынан келген 30-ға жуық спортшы қатысты.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасынан хабарлағандай, біріншілікке қатысушылар Junior moto 50 (5 пен 9 жас аралығындағы спортшылар), Junior moto 65 (9 бен 12 жас аралығындағылар), эндуро әуесқойлары (13 жастан жоғары), Soft Эндуро (14 жастан жоғары) және Hard Эндуро (14 жастан жоғары) деген бес топқа бөлініп, өнер көрсетті.
Жарысты ұйымдастырған «Vostokmotoclub» қоғамдық бірлестігінің президенті Анастасия Ляпинаның айтуынша, бұл шараның басты мақсаты облыс тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, мотоспорт түрлерін насихаттау болды.
– Бұған дейін мотоспорттың бірнеше түрі бойынша чемпионаттар өткізсек те, дәл Эндуро-кростан жарыстар ұйымдастырып көрген емеспіз. Сол себепті, біз үшін де бұл тың қадам болуда. Ал енді біріншіліктің өзіне келер болсақ, жарысқа қатысушылар 1,5 шақырымға созылған таулы-тасты трассаны уақытқа жүріп өтуі тиіс болатын. Жарыс нәтижелері спортшылардың басым көпшілігі бұл қашықтықты еңсере алғанын көрсетуде, – дейді А.Ляпина.
Көрермен қауым үшін де аса қызықты болған мотоциклдер бәсекесінің қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.