Семейлік боксшы қарсыласын нокаутқа жіберіп, финалға шықты
Мажар елінің астанасы Будапештте бокстан жастар арасында əлем чемпионаты өтіп жатыр. Жаһандық жарыста қазақ спортшылары сəтті өнер көрсетіп келеді.
Əсіресе 69 келіде сынға түсіп жатқан семейлік Ермахан Жақыпбековтің өнері көпшіліктің таңдайын қақтырды. Оның жартылай финалдағы айқасы ғаламторды дүр сілкіндірді. Нақтырақ айтқанда, кездесу басталмай жатып Шығыс саңлағы тайландтық спортшыны есеңгіретіп құлатты. Оң қолдан дарыған соққы қатты тиген көрінеді. Тіпті төрешілер Тай елінің өкілін орнынан тұрғызуға көмектескен. Айта кетейік, алғашқы кездесуінде Ермахан итальяндық Сальватаоре Каваллароны ұтқан еді. Ал ¼ кезеңінде алаң қожайыны Тибор Барбосудан айласын асырып кетті. Енді отандасымыздың финалдық бəсекелесі - Жанболат Бижамов (Ресей) - Патрик Усами Шо (Жапония) жекпе-жегінде анықталмақ. Бұған дейін дарынды былғары қолғап шебері, республикалық әрі халықаралық жарыстарда топ жарған-ды. Жас саңлақ былтыр Болгарияда өткен Эмил Жечевтің турнирінен кейін таныла бастады. Спорт мамандары Ермаханның қабілетін жоғары бағалап отыр. Жақыпбековтен бөлек, финалға тағы үш қазақ боксшысы шыққанын айта кету керек.