Зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіледі – Риддер әкімі
Су басудан зардап шеккен үйлердің тұрғындарына қажетті көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін таңертең Риддер қаласының Киров көшесі аумағындағы жеке сектордың аулаларын су басқан болатын.
Риддерге Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев дереу жетіп, жағдайды жеке бақылауына алды. Сол жерде жедел штаб құрылды.
Қазір судың беті қайтып, үйлердің іргетасы мен ішін кептіру жұмысы басталды.
Тұрғындарға уақытша баспана ұсынылды, бірақ олар эвакуациядан бас тартты.
Риддер қаласының әкімі Дәулет Батырбаев оларға қандай қолдау көрсетілетінін айтты.
– Өңір басшысының тапсырмасы бойынша біз кінәлілерді анықтап, жауапқа тартамыз, – деп атап өтті Дәулет Батырбаев, – келтірілген зиянды анықтау үшін біз лицензиясы бар ұйымды тарттық. Олар қазір тексеру жүргізіп жатыр.
Қала әкімінің айтуынша, тұрғындарға заңгер көмегі де көрсетіледі.
Келтірілген залалдың себептері мен мөлшері анықталғаннан кейін оны өтеу туралы актілер мен сотқа талап арыздар жасалады.
Айжанат Бақытқызы