Риддер ЖЭО: жылу тоқтаусыз беріліп жатыр
Риддер ЖЭО-ның сенімді басқарушысы Константин Хан кәсіпорындағы қазіргі жағдайға тоқталды.
Қазіргі уақытта станция сынақ режимінде жұмыс істеп тұр, биылғы жылыту маусымы басталғалы бері жылу беру тоқтаған жоқ, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Константин Ханның айтуынша, желідегі қысымды толық қуатқа дейін көтеру әзірге мүмкін емес, өйткені бұл қалалық жылу желілеріне түсетін жүктемені арттырады. Ал оған желілер шыдамауы мүмкін. Сол себепті мамандар жүктемені біртіндеп арттыратын болады.
Сондай-ақ ол станцияда ескірген жылу жүйелерін ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын да атап өтті.
Мамандардың айтуынша, қала тұрғындарының үлкен көлемде суды және желілік сорғыларды пайдалануы мәселені одан ары ушықтырып отыр. Бұл факторлар тұтастай алғанда гидравликалық жылыту жүйесінің жұмысын баяулатады.
Айта кетейік, орталықта көмір мен мазуттың жеткілікті қоры бар.
Орталықтың басшысы алдағы үш жылдың жоспарында жылу желілерін, құрал-жабдықтарды ауыстыру, жалпы айтқанда станцияға тұтастай жөндеу жұмыстары қажеттігін атап өтті.
Бүгін қоғам өкілдері мен қала тұрғындары қалалық жылыту орталығында болып қайтты. Олар станция жұмысымен танысып, кәсіпорын басшылығына көкейлеріндегі сауалдарын қойды.