Үржар әуежайына қандай бағыттағы рейстер ұшып келе алады?
Қазақстанның төрт қаласынан ұшақтар Алакөл көлінің шығыс жағалауына, Үржар қаласына ұшатын болады, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz сайты.
"Алакөл көлі жағалауының алдағы туристік маусымына қарай Үржар ауылы әуежайының Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен және Семей қалаларымен күнделікті әуе қатынасы жаңартылады", - дейді
"ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы".
Ведомствоның мәліметінше, бүгінде әуежайда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, ұшу-қону жолағы ұзартылды, рульдеу жолы салынды, тұрақ орындары кеңейтілді, ұшуларға жерүсті қызмет көрсету объектілері салынды. Жақын арада жарық-сигнал жабдығын орнату жоспарланған.
"Әуежай жолаушыларын қолайлы сервиспен қамтамасыз ету үшін Үржар ауданының әкімдігі аэровокзал ғимаратын қайта жаңғырту бойынша жұмыс жобасын дайындау мәселесін пысықтап жатыр. Оның өткізу қабілетін сағатына 100-150 жолаушыға дейін арттыру көзделген", - делінген хабарламада.
Бұған дейін Алакөл көлінің оңтүстік жағалауына, Үшаралға Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған, Түркістан қалаларынан және Ресей Федерациясының қалаларынан ұшақтар ұшатыны айтылған болатын. Рейстердің жиілігі туралы қосымша хабарланады.