Қазақша күрес: атақты палуанды еске алды
Катонқарағай ауылында самбодан КСРО спорт шебері, палуан Сергей Ахметовті еске алуға арналған қазақ күресінен аудандық ашық турнир өтті. Шара спортшы ұрпақтарының және облыстық қазақ күресі федерациясының қолдауымен ұйымдастырылды.
Турнирдің ашылуына Сергей Ахметовтің туған-туыстары, спорт ардагерлері, ақсақалдар, аудан тұрғындары қатысты. Самбо мен дзюдодан спорт шебері Жексен Иқанбаев, спорт ардагері Төлеген Көкенов, еңбек сіңірген жаттықтырушы Бақытбек Дуанов, облыстық қазақ күресі федерациясының төрағасы Қайрат Мадкенов сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті. Спортшының ұлдары Қанат пен Қуат Ахметовтер ардагерлерді құрметтеп, иықтарына шапан жапты. Немересі Әрсен Қанатұлы «Мен қазақпын» әнін орындады.
Жарыс 2008-10 жылғы жасөспірімдер арасында өтті. Сондай-ақ 70 келіге дейінгі өгіз-палуан, 90 келіден жоғары түйе-палуан сайысы ұйымдастырылды. Катонқарағай, Үлкен Нарын, Алтай, Тарбағатай, Зайсан, Ұлан аудандарынан, Өскемен, Риддер қалаларынан келген 50-ден астам спортшы бақ сынасты. Турнирге Фархат Болатұлы төрелік етті.
70 келіден жоғары салмақта Дзюдо орталығының спортшысы Ералы Базархатов бірінші орынға ие болды. 65 келіде катонқарағайлық Темірлан Рауанұлы, 70 келіде өскемендік Абылайхан Есіл, 60 келіде ұландық Әмір Мұратов, 55 келіде зайсандық Расул Асланұлы, 50 және 46 келіде Дзюдо орталығының спортшылары Санжар Маратұлы мен Нұралы Базархатов жеңіске жетті. Зайсаннан келген Әли Мұратов 38 келі салмақта жүлдегер атанды.
Ұландық Бақытжан Сайлаубеков өгіз-палуан, Марқакөлден келген Жасұлан Мұхаметханов түйе-палуан атанды.
Жеңімпаздар медальдармен, сыйлықтармен марапатталды.
Дана Әбдікәрім