KZ
Өскемен
-3°
небольшой снегопад жел 7 м/с, Ю
493.85 519.04 4.97

Абай шығармалары туралы бірегей электронды кітапхана – ШҚО

Фото: egemen.kz

8.08.2023, 14:17 668

А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында 2014 жылдан бері «Біздің Абай» электронды кітапханасы (abai.pushkinlibrary.kz) жұмыс істейді.

Қазір «Біздің Абай» электронды кітапханасында әлемнің 37 тілінде жазылған шамамен 2 мыңнан аса құжат жинақталған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Жоба ақын мұрасын әр елдің оқырманына ұсынып, жеткізуге бағытталған.

Осы мақсатта кітапхана қызметкерлері отандық, шетелдік кітапхана қорларына библиографиялық талдау жүргізіп, кітапханада жоқ туындыларды анықтаған. Дерекке сүйенсек, ақынның алғаш жарық көрген кітаптары қорда жоқ екендігі белгілі болған. Қорда бар кітаптар 1945 жылдан бері басылған нұсқалар болып шыққан. Сондықтан кітапхана ұжымы 1945 жылға дейінгі, соның ішінде араб, латын, кириллица қарпімен жазылған кітаптарды іздеп табуға ұмтылыс жасаған.

Электронды кітапхананы құру үшін аталған кітапхана мен басқа да отандық және шетелдік кітапханалардың қорынан алынған Абай шығармалары сандық нұсқаға көшіріледі. Мамандар осы бағытта Ұлттық кітапхана мен Семей қаласындағы Абайдың мемлекеттік тарихи және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайымен бірлесе жұмыс атқарған. Сонымен қатар Қазақстанның және өзге елдердің ірі кітапханаларына хат жазып, кітапхана қорында жоқ Абай кітаптарының электронды көшірмесін жіберуді сұраған. Жіберген хат оң нәтиже беріп, Әзербайжан, Татарстан, Башқұртстан, Өзбекстан, Украина, Латвия, Литва, Моңғолия елдерінің Ұлттық кітапханалары бірқатар кітап ұсынған көрінеді. Сонымен қатар кітаптар мен электронды нұсқаларын берген мұражай мен жеке адамдар да бар. Кітапханашылардың қажырлы еңбегі күтпеген нәтижеге жеткізген көрінеді. Жоба туралы репортажды көрген Өскемен қаласының бір тұрғыны отбасы сақтап келген М.Әуезовтің «Абай» романының 1945 жылғы басылымын, Глубокое ауданының тұрғыны Николай Оспанов 1936 жылы шыққан ақынның өлеңдер жинағын сыйға тартқан.

– Абай шығармаларының 1909 жылғы тұңғыш баспасын және әр жылдары араб, латын, кириллицамен басылған кітаптарын тауып, алыс және жақын шетелдегі қай кітапханаларда барын анықтап, ресми хат жазып, электронды нұсқаларын жіберуді өтіндік. «Біздің Абай» электронды кітапханасына Қазақстанның әр өңірінен көптеген оқырман тіркеліп жатыр. Виртуалды оқырман саны 580 мыңнан асады. Оқырман контингенті әртүрлі. Оқушылар, ұстаздар, ғалымдар, қарапайым халық та көп пайдаланады. Қазақстанның түкпір-түкпірінен оқырмандар хабарласып, өздеріне керекті материалдарын сұрап, сұрақтарына жауап алып отырады. 2021 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институтының жобасы аясында екі томдық «Абай Құнанбайұлы» сипаттамалы библиографиялық көрсеткіші жарық көрді. Осы көрсеткішті дайындау барысында құрастырушылар бізбен тығыз байланыста болып, көптеген сұрақтарының жауабын «Біздің Абай» электронды кітапханасынан алып отырды. Сонымен қатар Астана қаласындағы Аударма бюросы да жиі хабарласып, өздеріне керек мағлұматтарды біздің осы электронды кітапханадан алып отырады. Баршаңызды «Біздің Абай = Наш Абай» электронды кітапханасының серіктесі әрі виртуалды оқырманы болуға шақырамыз, – дейді облыстық кітапхананың Анықтама-библиографиялық орталығының жетекшісі Меруерт Кемешева.

Электронды кітапхананың дизайны мен айдарларын кітапхана мамандары жасап шыққан. Олар ақын шығармаларын ePAb, Fb2 форматтарын қолданып ұсынуды ұйғарған. Электронды кітапханада туындылар арнайы бөлімдерге жіктелген. Онда ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты хронология, оның есімі берілген ескерткіштер, мұражайлар, елді мекендер, қара сөздері бойынша бейнежоба, нақыл сөздері, «Абай» журналы жайлы мәліметтер топтастырылған. Қаламгер шығармашылығын меңгеру деңгейін тексергісі келетіндер үшін «Абайды білесіз бе?» викторинасы да пайдалы болады. 

Электронды көшірмелерді тек онлайн форматта оқуға болады. Себебі олар авторлық құқық заңнамасына сәйкес әзірленген.

Кітапхананың виртуалды баламасында бүгінгі таңда араб, башқұрт, эстон, француз, литва, қытай және өзге тілдердегі құжаттар мен кітаптар жинақталған. Оқырман назарына ұсынылған туындылардың арасында кітаптар, мақалалар, бейнежазбалар, иллюстрациялар, абайтануға қатысты материалдар мен «Абай» журналының 1992 жылдан бергі сандары бар.

 

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу