Жыл он екі ай балаларды тегін емдейтін орталық
Өскеменнің іргесіндегі Винное ауылында жыл он екі ай үздіксіз жұмыс істейтін жабық ат спорты манежі ашылды. Оған аймақ басшысы Ермек Көшербаев қатысып, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мұнда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 127 бала сауықтыру-жаттығу жиындарына қатысып жүр. Осы мақсатта 102 миллион теңге бөлінген. Оларды арнайы жабдықталған автокөлікпен алып келіп, апарып салады. Әр баламен арнайы сала мамандары айналысып, атқа мініп жүруді үйретеді. Ауруына байланысты әр балаға жеке бағдарлама қарастырылған.
Атқа міну ұнағаны соншалық, келуді жиілетті. Біртіндеп баланың ұйқысы, тәбеті дұрысталып, көңіл күйі жақсарды. Осы жағдайдан кейін өзге де мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары хабарласып, сабаққа жазылуға ниет білдірген. Ал клуб жаттықтырушылары болса, мүмкіндігі шектеулі балаларды аттың көмегімен оңалтуға байланысты әдістемелік материалдар іздестіріп, нәтижесінде «Ақ Тай» мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігі құрылады. Бүгінде мұнда психолог, нұсқаушы, әдіскер, кеңесші, атшы, бапкер, медицина қызметкері сияқты білікті мамандар еңбек етеді. Науқас балалардың денсаулығы мен көңіл күйінде оң нәтиже байқалған соң, арнайы бағдарлама жасалып, оны жүзеге асыруға емдік дене шынықтыру мамандары мен психологтар тартылады. Алдымен оңалту шараларын қадағалап отыру мақсатында арнайы құжат толтырылып, оң нәтижелер жазылып отырады. Осындай талдау жұмыстарының негізінде мүмкіндігі шектеулі балаларды иппотерапия әдісімен оңалтудың арнайы бағдарламасын жасау мүмкін болған.
Облыстық қоғамдық кеңестің мүгедек адамдардың құқықтарын қорғау жөніндегі сараптама комитетінің төрайымы Ольга Кузовлеваның айтуынша, өңірімізде жүзеге асырылып жатқан иппотерапия және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ат спорты жобасы посткеңестік елдер бойынша алдыңғы қатарлы бірегей жоба. Тіпті, иппотерапияны қолға алған әлем елдерінің өзінде емдік-атпен жүру сабақтары қарапайым ат үйрететін манежде немесе шағын телімдерде өтеді. Ал біздің облыс орталығына жақын маңдағы Винное ауылында орналасқан үлкен манеж мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуға арнайы жасақталған.
Естеріңізге сала кетейік, еліміздің ат спорты бойынша ұлттық параолимпиада құрамасының сапында тек қана шығысқазақстандықтар өнер көрсетіп, байрақты бәсекелерден жүлдемен оралып жүр.