KZ
Өскемен
+11°
туман жел 1 м/с, С
439.43 473.31 4.82

Солтүстік Корея шекарасын рұқсатсыз кесіп өткен америкалық ұсталды

Фото: egemen.kz

19.07.2023, 11:45 1 394

Солтүстік Кореяда шекараны рұқсатсыз кесіп өткен америкалық сарбаз ұсталды.

BBC агенттігінің дерегінше, АҚШ армиясының өкілі растағандай, ұсталған жігіт – қатардағы жауынгер Трэвис Кинг, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Дереккөзге сенсек, ол бұған дейін Оңтүстік Кореядағы Кэмп Хамфриз тәртіптік бөлімінде қызмет етіп жүрген және қарулы күштерден босау үшін АҚШ-қа бара жатқан.

Паспорт бақылауынан өткеннен кейін ол амалын тауып қайта оралған.

Сөйтіп, Солтүстік Кореямен шекарадағы демилитаризацияланған аймаққа апаратын экскурсиялық турға қосылады.

Бұл оңтүстіккореялықтар мен туристер үшін тартымды туристік орын саналады.

Мемлекеттік департамент пен АҚШ Қорғаныс министрлігі Трэвис Кингтің әлгі экскурсия кезінде әдейі, өз еркімен шекарадан өткенін айтты.

Алайда әзірге ешбір мекеме оны әскерден қашты деп мәлімдеген жоқ.

Сол экскурсияға қатысушылардың бірі CBS телекомпаниясына берген сұхбатында сарбаздың күлген күйі Солтүстік Кореяға қашып кеткенін айтты.

«Алғашында мен мұны әзіл деп ойладым, бірақ ол содан қайтып келмеді. Сол кезде ғана жігіттің қалжыңдамағанын түсіндім», - дейді ол.

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Мэттью Миллер департаменттің Пентагонмен байланыста екенін және қажет болған жағдайда кез келген көмекті көрсетуге дайын екенін айтты.

Алғашында сарбаздың аты-жөні құпия сақталды, өйткені Ақ үй әуелі оның туыстарына хабарлауды жөн көрген.

Алайда көп ұзамай бірнеше ақпараттық агенттік бұл адамның аты Трэвис Кинг және ол АҚШ әскерінің екінші класты қатардағы жауынгері екенін жариялады.

Журналистердің «мемлекеттік департамент Солтүстік немесе Оңтүстік Кореямен байланысқа шықты ма?» деген сұрағына Миллер «оңтүстіккореялықтармен байланыста екенімізге сенімдімін» деді.

Ол мемдепартаменттің Солтүстік Кореямен хабарласпағанын, бірақ оның білуінше Пентагонның Пхеньянмен біраз байланысы бар екенін айтты.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив