Мамандардың айтуынша, жол сапасы 5-7 жылға дейін бұзылмайды – Өскемен
Фото: Автордікі
Өскемен қаласындағы Грейдерная көшесіндегі жолдың сапасына байланысты тұрғындар талай рет шағым түсірген. Аталған көшеде шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізілгенімен ол сапаны өзгерте қоймаған.
Қазіргі таңда асфальтті ауыстыру үшін жол жабынын фрезерлеу жұмыстары басталып кеткен. Бір шақырымнан асатын аумақта жақын арада асфальт төсеу жұмыстары басталып, екі аптаның көлемінде барлық жұмыстар аяқталады деп жоспарланған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Мердігерлердің сөзіне сүйенсек, жол 10 жыл пайдалануға шыдайтын көрінеді. Алайда қала әкімі Жақсылық Омар сапа тексеретін мамандар жолдың 5-7 жыл бойы бұзылмайтынына уәде бергенін жеткізді. Әкім жол сапасына көлік ағынының, климаттың және жолға түсетін салмақтың да әсері бар екенін айтты.
Одан өзге, аталған аумақта тротуар салу қолға алынған. Тұрғындар өтініші бойынша Тынышпаев көшесінен Грейдерная көшесіне дейін салынатын тротуардың ені 2 метрді құрайды.