Өскеменде көктемгі тасқын кезеңіне дайындық басталып кетті
Фото – автордікі
Өскеменде тасқынның алдын алуға бағытталған шаралар қабылдана бастады.
Тасқынның алдын алу үшін атқарылатын жұмыстардың жоспарына сәйкес қаладағы бірнеше шағын ауданда арықтарды тазалау қолға алынды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бүгінгі таңда Меновной кентінде, 22-шағын ауданда, Ахмер кентінде жұмыс жүріп жатыр. Дәлірек айтқанда, Құдайбердиев көшесінде, 49-мектептің жанындағы Сейфуллин көшесінде арық тазаланды.
— Қазірден бастап 2024 жылдың көктеміне дайындық жүргізіп жатырмыз. Су тасқыны кезеңіне дайындықтың бекітілген жобасына сәйкес арықты тазалауды бастап кеттік. Защита, Нефтебаза аудандарында арықты қоқыстан арылту жұмысы аяқталды. Қазіргі таңда 22- шағын ауданда, Ахмер кентінде жұмыс жүріп жатыр. Одан кейін жоспар бойынша Аблакетка шағын ауданында, Шмелов Лог ауылында, Красин кентінде, Сограда жұмыс жүргізіледі. Одан кейін Үлбі өзенінің жағалауы мен арналарын тереңдету жүргізіледі, — дейді қала әкімінің Төтенше жағдай жөніндегі Бас инспекторы Александр Карпов.