Канвондо-2024: хоккейден Қазақстан құрамасы қола медаль жеңіп алды
Фото: olympic.kz
Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан IV қысқы жастар Олимпиадасында Қазақстан қоржыны тағы бір жүлдемен толықты.
Айта кетейік, биыл Ақ Олимпиадалар тарихында тұңғыш рет 3×3 форматындағы хоккейден жүлделер жиынтығы сарапқа салынған болатын. Қазақстан құрамасы бұл бәсекеде тамаша өнер көрсетіп, жүлделі үшінші орынға ие болды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Қола медаль үшін өткен тартысты ойында отандастарымыз Аустрия құрамасынан 6:5 (периодтардағы нәтиже 4:1, 1:2, 1:2) есебімен басым түсті.
Осы ретте, Корей еліндегі додада еліміздің намысын абыроймен қорғаған хоккейшілердің атын атап өткен жөн болар, олар: Темірлан Айболұлы, Бексұлтан Мақыш, Арсений Кучковский, Әділхан Саттар, Никита Кулаков, Матвей Решетько, Расул Тұрсынов, Арман Төлен, Жаһангер Тілеухан, Таир Бигаринов, Егор Кравченко, Роман Мичуров және Әнуар Ахметжанов.
Тағы бір айта кетер жайт, Олимпиада ойындары аясындағы хоккей бәсекесінің жеңімпазы болып Латвия құрамасы танылды. Финалда Балтық елінің өкілдері Дания құрамасын 10:3 есебімен қапы қалдырды.
Әзірге жастар арасындағы Олимпиадада біздің елдің қоржынында бір алтын және екі қола жүлде бар.