Үздік әлеуметтік қызметкерлер мен жобаларды анықтайтын республикалық байқауға 500-ден астам өтінім түсті
depositphotos.com
Қазақстанда әлеуметтік сала мамандары арасында дәстүрлі түрде өткізілетін «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба» республикалық конкурсына қызығушылық жоғары. Бүгінгі күнге дейін байқауға 509 өтінім келіп түскен, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Ең көп өтінім «Үйде қызмет көрсету ұйымының үздік әлеуметтік қызметкері» номинациясы бойынша тіркеліп отыр – 196. Аймақтар арасында ең белсенді қатысушылардың көшін 65 өтінім жолдаған Батыс Қазақстан облысы бастап тұр.
Министрліктің мәліметінше, конкурс әлеуметтік саладағы үздік тәжірибелерді анықтап, мамандардың кәсіби беделін көтеруді, сондай-ақ халыққа қызмет көрсетудің сапасын арттыруға бағытталған. Әлеуметтік қызметкер мамандығы – қоғамдағы ең ізгі әрі маңызы зор мамандықтардың бірі. Олар күн сайын жалғызбасты қарттарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсетіп, елдің әл-ауқатына өлшеусіз үлес қосып келеді.
Бұл шара әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегін бағалап қана қоймай, қоғам назарын олардың жанқиярлық жұмысына аударуды көздейді.
Өтінімдер www.qamqor.enbek.kz онлайн платформасы арқылы қабылданып жатыр және 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Бүгінгі таңда олар келесі номинациялар бойынша бөлінді:
- «Үйде қызмет көрсету ұйымының үздік әлеуметтік жұмыскері» – 196 өтінім;
- «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының үздік әлеуметтік жұмыскері» – 115 өтінім;
- «Еңбек ұтқырлығы орталығының үздік қызметкері» – 104 өтінім;
- «Үздік әлеуметтік жоба» – 32 өтінім;
- «Үздік әлеуметтік педагог» – 23 өтінім;
- «Үздік мемлекеттік әлеуметтік инспектор» – 22 өтінім;
- «Медициналық-әлеуметтік сараптама саласының үздік қызметкері» – 17 өтінім.
Конкурс екі кезеңнен тұрады: өңірлік және республикалық. Өңірлік іріктеуден өткен үміткерлерге 1-5 қазан аралығында онлайн-платформада ашық халықтық дауыс беру жүргізіледі.
Ал республикалық кезеңнің әділқазылары қатарында Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері және әлеуметтік сала сарапшылары болады. Бұл – байқаудың ашықтығы мен әділеттілігін қамтамасыз етуге арналған шара.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 24 қазанда, Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні қарсаңында Астана қаласында өтеді.