KZ
Өскемен
-1°
переменная облачность жел 3 м/с, С
495.95 524.37 4.98

Шығыстағы үздік тауар өндірушілерді білесіз бе?

22.06.2023, 15:06 538 Оразай Жеңісұлы

Облыс орталығында үздік тауарлардың көрме-байқауы өтті. Жәрмеңке форматында өткізілген байқауда жетпіске жуық жетекші өндіруші өнім ұсынды.

Бұл – «Қазақстанның үздік тауары» деп аталатын дәстүрлі республикалық байқаудың өңірлік кезеңі, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Байқауға азық-түлік, өнеркәсіптік тауар және өндірістік-техникалық өнім шығаратын әртүрлі кәсіпорындар қатысты. Сондықтан жеңімпаздар үш аталым бойынша анықталады: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары». Облыста оза шапқандар республикалық кезеңде Шығыс өңірінің намысын қорғайды.

 

 

Жалпы, осы уақытқа дейін «Қазақстанның үздік тауары» байқауының ақтық сынында өңіріміздің алты кәсіпорны топ жарғанын айта кетуіміз керек. Бұлар: «Силумин-Восток» АҚ, «Эмиль» ЖШС, «Восток-Молоко» ЖШС, «Бриссоль» ЖШС, «Азия Авто» АҚ және «Өскемен құс фабрикасы» АҚ.

– Бұл көрме-байқау жыл сайын өткізіледі. 2013 жылдан бері жалғасын тауып келе жатқан іс-шара. Негізгі мақсаты – отандық өнімдердің өрісін кеңейту, сапасы мен сатылымын арттыру. Бүгін де үздіктерді анықтау үшін өңірдің жетекші кәсіпорындарын бір жерге топтастырдық. Комиссия мүшелеріне елуден астам өнім ұсынылады. Әр аталым бойынша үш үздік өндіруші анықталады. Яғни байқаудың республикалық кезеңіне облыс атынан тоғыз кәсіпорын қатысады, – деді ШҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.

«Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауын Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ұйымдастырып отыр.

 Жапониядан келген жоба

Биылғы байқаудың бір ерекшелігі – «Бір ауыл – бір өнім» жобасы. Бұл – қарапайым азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, соның ішінде кәсіпкер әйелдерге жәрдемдесуге негізделген тың бастама. Тың бастама өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде құрылған «Мен – кәсіпкермін» бағдарламасының компоненті болып есептеледі. Жәрмеңкенің бұл бөлігінде Шығыс Қазақстанның әйелдер бизнес-қоғамдастығының 16 өкілі өнім ұсынды. Сөрелерден құрт, қымыз, бал, жент, шай, түрлі дәмдеуіштер, киім-кешек және былғары мен жүннен жасалған бұйымдарды көруге болады.

 

Өңірдегі кәсіпкерлер палатасы мамандарының айтуынша, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы Жапониядан «көшіп келген» тәжірибе негізінде жасалған. Әуелгі мақсаты – әлеуетті табиғи ресурстарды пайдалану арқылы ауылдық жерлерде экономикалық құлдыраудың алдын алу.

– Бұл – жиырмасыншы ғасырдың 70-ші жылдары жапон елінде ауыл шаруашылығы тоқырауға ұшырай бастаған кезде жасалған тәжірибе. Мұның негізінде жергілікті өнімнің таралуына жағдай жасалады. Яғни белгілі бір елді мекенде ғана бар өндірісті өркендетуге қолдау көрсетіледі. Соңғы жылдары бұл тәжірибені көрші қырғыз еліндегі әріптестеріміз сәтті жүзеге асырды. Біз де жобаны бастапқыда төрт өңірде сынап көрдік. Нәтиже көңілден шықты. Сондықтан жоба биыл тұтас ел көлемінде жүзеге асырылып жатыр, – дейді «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жетекшісі Руслан Молдагаипов.

Мәселен, бір ауыл сатылым мен кірісті көбейтіп, сол ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру үшін бизнес ретінде бір бәсекеге қабілетті және негізгі өнім шығарады. «Бір ауыл – бір өнім» қозғалысы 30-дан астам елде бар және оның мақсаты – жергілікті өнімнің сапасын арттыру, жергілікті брендтер құру, маркетинг және нарықтағы өнімнің құндылығын арттыру.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша кәсіпкер әйелдер жергілікті шикізаттан тауар өндіріп, қолөнершілердің немесе ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмелеріне қатыса алады.

«Бір ауыл – бір өнім» әуелі Қостанай, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында пилоттық жоба ретінде сыналды. Ал биыл алғаш рет түгел өңірде жүзеге асып отыр.

 Топ жарған тоғыз

Облыс орталығындағы Спорт сарайында ерекше сән-салтанатпен, мығым бәсекелестікпен жоғары деңгейде өткен «Қазақстанның үздік тауары-2023» өңірлік байқауының жеңімпаздары белгілі болды. Сөз басында айтқанымыздай, әр аталым бойынша үш үздік анықталды. Ал «Бір ауыл – бір өнім» жәрмеңкесі бойынша үздік он жоба алдағы күндері анықталады. Мұндағы үздіктерді жиырма бизнес-қоғамдастықтың және мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен құрылған бренд-комитет анықтайды. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі қосымша хабарлауға уәде берді.   

Астанада болатын ақтық сында бақ сынайтын жеңімпаздарды атап өтейік.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»:

1 орын - «Қазақстандық өнеркәсіптік кәсіпорын» ЖШС, Өскемен қ.

2 орын - «IZOTERM» өндірістік-сауда компаниясы» ЖШС, Глубокое кенті

3 орын – «Попов Виктор Сергеевич» ЖК, Алтай ауданы

 «Халыққа арналған үздік тауарлар»:

1 орын - «Arlan» ЖК, Өскемен қ.

2 орын - «Рауан» ЖШС, Өскемен қ.

3 орын – «Shanyraq» ЖК, Өскемен қ.

 «Үздік азық-түлік тауарлары»:

1 орын – «Восток-Молоко» ЖШС, Өскемен қ.

2 орын – «Алтын қазан ШҚ» ЖШС, Өскемен қ.

3 орын – «Дакиев Ержан Мейрамұлы» ЖК, Шемонаиха ауданы

Глубокое ауданындағы «Global Invest International» ЖШС ұсынған «Медовая марка» бренді көрермендер көзайымы сыйлығына ие болды. Ал Зайсан ауданынан келген «Qabyl Agro» ЖШС өкілдеріне белсенді қатысқаны үшін арнайы жүлде табысталды.

– Сапалы өнімдерімен өңіріміздің атын әйгілеген кәсіпкерлерге, өндіріс саласындағы мамандарға алғыс айтамын. Бүгінгі жеңімпаздар «Қазақстанның үздік тауары» байқауының ақтық сынында лайықты бәсекелестік танытады деп сенемін, – деді марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген ШҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу