Абай – алып мұхит
10 тамыз – «Абай күні» рухани мерекесіне орай Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталық кітапханада 2-10 тамыз аралығында танымдық-тағылымдық шаралар апталығы өтті.
– Республикалық Абай күні аясында дәстүр бойынша елімізде түрлі іс-шаралар өтеді. Абай – алып мұхит. Оның әр сөзі – біздің ұлттық қазынамыз. Сол себепті біздің кітапхана бір күнмен шектелмей, Абай атамыздың туған күніне арнап аптаның әр күнінде тақырыптық шаралар ұйымдастырды, – деді кітапхана директорының орынбасары Жанат Мәуітқызы.
Апталықты қызықты өткізу үшін кітапхана қызметкерлері көп ізденіпті. Кітапхананың витринасына Абай атамыздың дүниежүзіндегі мүсіндері туралы ақпарат қойылған. Қай елде, қай қалада, қай жылы қойылғаны туралы мәліметтер мен ескерткіштің суреттері ілінген.
– Көшеде кетіп бара жатқандар да витринадан көріп, мағлұмат алады. Кейбіреуі асығып, кітапханаға кірмеулері де мүмкін. Қазақтың мақтанышына айналған ұлы ақынымыздың ескерткіштері Еуропаның біраз елдерінде орнатылған. Мысалы, Парижде, Германияда, Түркияда тіпті үш ескерткіші бар екен. Бір қызығы, қандастарымыз көп мына тұрған Моңғолияда хакімнің бірде-бір мүсіні жоқ. Индияда, ТМД-ның бірқатар елдерінде бар. Электронды кітап оқитын оқырмандарымыз бар, солар үшін арнайы ролик жасадық, онда да осы мүсіндер туралы ақпаратпен қоса жанына сол тілде аударылған кітапты қойдық. Кітапхананың сайтында өзіміздің ІТ-мамандарымыз Гугл картаға ескерткіштер бар қалаларды белгілеп қойды. Енді кез келген адам гугл картадан осы ақпаратты көре алады және ол бірнеше тілге аударылған, – деп жалғастырды Жанат Мәуітқызы.
«Жаздым үлгі жастарға бермек үшін!» деп аталған алғашқы күні кітап көрмесі ұйымдастырылыпты. Оған Абай шығармашылығы, өмірбаяны және ақын туралы ғылыми-зерттеу еңбектері, баспасөзде жарияланған мақалалар, көркем проза, поэзия кітаптары қойылған. Абайдың алғашқы туындысы Петерборда 1909 жылы жарық көрген. Шығармалары әлемнің 113 тіліне аударылған. Оқырмандар осындай тың ақпараттарды естіп, білді.
Дәл осы күні қалалық полиция басқармасының жас офицерлері арнайы экскурсияға келіп, кітапхана жұмысымен және Абайдың шығармашылығымен жан-жақты танысты.
Кітапхананың бұқаралық құралдар бөлімінің меңгерушісі Таңнұр Башай кітапхананың қабырғасына 3Д форматында салынған Абай жолы кітабы туралы, Абайдың шығармашылығы туралы тың деректерді жеткізді. Жас полицейлер келесі залда орналасқан мемлекеттік рәміздер туралы білімдерін кеңейтіп, «Абайдың Жидебайдағы мұражай-үйіне қашықтан (онлайн) 3D саяхат жасау мүмкіндігін беретін VR – студияның жұмысымен танысты.
– Бүгін біз үшін рухани толысу күні болды. Әрине, Абай атамыздың шығармаларымен бала кезімізден таныспыз. «Абай жолы» шығармасын мектеп кезінен оқып, зерделегенбіз. Алайда жаңа, бұрын естімеген тың деректерге қанықтық. Кітапхананың заманауи технологиялармен жұмыс істейтініне тәнті болдық. Кітапхана кинотеатрында Абай атамыздың өмірі мен шығармашылығына қатысты викториналық ойынға қатысып, білімізді жетілдіре түстік, – деп бөлісті Өскемен қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің инспекторы Қуаныш Қаныбекұлы. Айтпақшы, тағы бір жас офицер караокеде Абайдың әнін салып, әуелетті.
Жанат Мәуітқызы кітапханаға экскурсия жасау үшін басқа да мекемелер мен басқармалардан өтініштер түсіп жатқанын айтты.
Апталық аясында Абай сүйіп ойнаған тоғызқұмалақ ұлттық ойыны бойынша шеберлік сыныбы өтті. Досжан есімді бапкер осы ойынға қызыққан балалардан бастап үлкендерге дейін тоғызқұмалақ ойнаудың қыр-сырын үйретті. Кітапхананың кинозалында «Абай әндері», «Құнанбай» көркем фильмдері мен «Абай» деректі фильмі көрсетілді.
Кәмал Естай