KZ
Өскемен
+2°
небольшая облачность жел 3 м/с, В
495.95 524.37 4.98

ШҚО-да ауылда бизнес дамытуға жеңілдетілген несие беріледі

Фото: businessmir.kz

21.08.2023, 10:14 197 Оразай Жеңісұлы

«Ауыл аманаты» жобасы өз ісін бастауды көптен бері армандап, алдына мақсат қойып жүрген ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндіктер ашпақ. Тек ШҚО-да осындай 1,5 миллиард теңгеге 302 жобаны қаржыландыру арқылы 320 жұмыс орнын құру жоспарлауда. Қазір облыстағы аудандарда жобаға қатысу үшін өтінімдер қабылданып жатыр. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан аспайтын жеңілдетілген несие 5 жылға дейінгі мерзімге, ал мал шаруашылығымен айналысатындар үшін төлем мерзімі 7 жылға дейін беріледі, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Қарыз алу шарттары өте тиімді. Мәселен, ауылдық елді мекендерде (олардың әкімшілік бағыныстылығына қарамастан) және шағын қалаларда микрокредиттің ең көп сомасы – 2,5 мың АЕК-ке дейін, яғни 8 млн 625 мың теңге, ірі кооперацияны дамыту үшін – 8 мың АЕК-ке дейін, яғни 27 млн 600 мың теңге берілмек. Бұл ретте негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең кредиттеу мерзімінің үштен бірінен аспайды. Яғни 5 жылға 20 айға дейін, 7 жылға 28 айға дейін. Шарт бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кепілді қамтамасыз етуі және салық органдарында тіркеуде болуы қажет.

Жұмыссыздар да несие алуға үміткер бола алады. Қаражатты беру кезінде енді өз ісін бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмағандар, жұмыстан қысқартылып қалғандар артықшылыққа ие болады. Мұндай несиені сонымен қатар жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз кіріс алу мақсатында тауарларды өндіру (өткізу), жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар және немесе әрекетсіз жеке кәсіпкерлер, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері мемлекеттен көмек ала алады.

Сонымен қатар ауыл тұрғындарына бизнес бағытын таңдауда шектеу қойылмаған. Ақшаны тек мал басын көбейтуге, дақылдарды өсіруге немесе ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуге ғана емес, сонымен қатар наубайхана, кондитерлік дүкен немесе туристік стартапты іске қосуға да алуға болады. Қазіргі таңда өңірде Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы «Ертіс» ӘКК» АҚ өкілі (агент) анықталды. Қаржыландыру кестесі әзірленіп, басты назар шекаралас аймақтарға беріліп отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу