Риддерден табылған жапон әскери тұтқындарының сүйегі Токиода жерленеді
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Шығыс Қазақстан облысының аумағындағы еңбекпен түзеу лагерьлерінде қаза тапқан жапон әскери тұтқындарының сүйегін қайта жерлеу рәсімі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Шығыс Қазақстанға ресми сапармен Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямада келді. Онымен бірге аймаққа соғыста қаза тапқан жапон әскерлерінің сүйегін жинау жөніндегі қауымдастықтың президенті - Мизуочи Тошиэй мен арнайы мамандар келді. Мәртебелі меймандар облыс әкімі Ермек Көшербаевпен кездесіп, 13 жапон әскери тұтқынының сүйегін жерлеу мәселесін талқылады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, төрт жыл бұрын іздеу топтары жапон әскери тұтқындарының сүйегін Риддер маңында тапқан болатын. Сот-медициналық сараптама жүргізу үшін жапон мамандары шақырылды. Олар мәйіттердің сүйегінің бөлшектері шынымен де күншығыс елінің әскери тұтқындарына тиесілі екенін дәлелдеді.
Өз кезегінде жапон елшісі Мизуочи Тошиэй аймақ басшылығының қауымдастықтың маңызды миссиясын түсініп, қолдау көрсетуі өте маңызды екенін атап өтті.
Олар енді Риддерге барып, жерленген мәйттердің сүйегін қазып алып өртейді, содан соң күлді Жапониядағы Ұлттық зиратқа апарып жерлейді.
Қазанның 7-сі күні Риддердегі «Сокол» стадионында азаматтық жерлеу рәсімі өтеді, дәл осындай рәсім 12 қазанда Токиода да болады.
Естеріңізге сала кетейік, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Шығыс Қазақстан аумағында түзеу-еңбек лагерьлеріндегі әскери тұтқындар жұмыс істеген. Олар өндірісті көтеруге, СЭС салуға және тағы басқа жұмыстарды істеуге жіберілген елді мекендердің аумағында жерленген.
Кездесу барысында тарихи маңызды мәселелерден бөлек қос тарап ынтымақтастықтың келешегін де сөз етті.