KZ
Өскемен
+2°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОБ
492.14 528.85 5.01

Жолдарымыздың қысқа дайындығы қалай?

5.10.2023, 16:30 195

Шығыс Қазақстанда қыс маусымында жолдардың қарын күрейтін 838 техника жасақталған. Өңірде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын қыс мезгіліне дайындау жұмыстары қызып тұр қазір.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Уәлиев бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты. 

– Облыстық маңыздағы жол учаскелерінде климаттық ерекшеліктеріне байланысты төрт бекет орналасқан. Атап айтқанда, мұндай бекеттер Тарғын, Марқакөл, Егіндібұлақ ауылдары мен Шемонаиха қаласында бар. Әрбір құрылым білікті қызметкерлермен, арнайы техникамен, жылы бокстармен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Барлығы қыс мезгілінде жұмыс істеуге толықтай бейімделген, – дейді Ерлан Уәлиев.

Белгілі болғандай, бұл бекеттерде жолаушыларға арналған төсек-орындар болады, сондай-ақ олар жанар-жағармай, көмір, су  және үш тәулікке жететін азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.

– Қысқа дайындық жұмыстары аясында 272 мың шаршы метр шұңқыр бітеліп, 1,5 шақырым тасжол тегістеледі. Қазір көктайғаққа қарсы материалдар дайындалып, аса қауіпті учаскелерге жеткізіліп жатыр, – деп атап өтті басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Сондай-ақ 1 қарашадан бастап жолдардың жай-күйі, оларға жіберілген техниканың саны жайында хабарлайтын кезекшілік қызмет ұйымдастырылып, уақтылы ақпарат таратып отыратын болады.

Жолдарды күтіп ұстау және қалпына келтіру жұмыстары үлкенді-кішілі елді мекендерде де қызу жүргізілуде. Мәселен, ағымдағы жылы Өскемен қаласында 100 аулаішілік жолды жөндеу жобасы қолға алынған. Күн суытпай тұрып қаладағы бірқатар аулаішілік жолға орташа жөндеу жүргізілетін болады.

– Қазір аулаішілік жолдарды жөндеп жатырмыз. Кей учаскеде шұңқырларды бітеумен шектелеміз. Ал басқаларында орташа жөндеу жүргізіп, қайта асфальт төсеу қажет болады. Мектептерге, әлеуметтік нысандарға, мемлекеттік мекемелерге қарай түскен жолдарды орташа жөндеуден өткіземіз, – дейді қала әкімі Жақсылық Омар.

Әрине, абаттандыру жұмыстарын да назардан тыс қалдырмаған жөн. Облыстық құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан хабарлағандай, өңірдің кей ауданында жоспарланған абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын.

Атап айтсақ, биыл Риддердің орталық бөлігінде елеулі өзгерістер болғанын байқауға болады. Салалық басқарманың ТҮКШ, сумен жабдықтау және су бұру бөлімінің басшысы Рауан Тұрысбектің айтуынша, қазіргі уақытта кеншілер шаһарында жоспарланған жобалардың барлығы бойынша жұмыстар аяқталған.

– Риддерде электр желілері, электр жарығы мен су құбыры желілері ауыстырылды. Сондай-ақ шағын сәулет нысандарына арналған алаңдарды бетондау және субұрқақ салу бойынша жұмыстар атқарылды, – деп атап өтті Р.Тұрысбек.

Оның айтуынша, Риддердің орталығындағы ашық алаңдар мен жаяу жүргіншілер аймақтарында тротуар плиталар төселіп, автотұрақ ретке келтірілген. Сонымен бірге кеншілер шаһарында балаларға арналған жаңа ойын алаңқайлары, спорт пен воркаут алаңдары пайда болды. Жақын арада қаланың орталық бөлігіне үлкен LED экран да орнатылмақ.

Аудандарда да біраз шаруа тындырылған көрінеді. Мәселен, жақында Самар ауылында жаңа Даңқ паркі ашылуы керек. Мердігер ескерткіштің негізгі құрылыс жұмыстарын аяқтап, аумағындағы жолдарға төсеніш төсеген. Қазір саябақты жарықтандыру және шағын сәулет нысандарын орнату жұмыстары ғана қалды.

Сол сияқты Күршім ауылында да орталық саябақты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Алдымен саябақ ішіндегі қираған нысандарды бөлшектеп, аумақты тазартқан. Қазір паркте су жаңа футбол мен баскетбол алаңдары, сондай-ақ балалардың ойын алаңқайы бар. Енді, демалыс орнының аумағын жарықтандыру  ғана қалды. Бұған қоса қазан айында саябаққа ағаш көшеттері отырғызылмақ. Жалпы, барлық жұмысты қараша айында аяқтау жоспарланған, дейді мамандар.

Сондай-ақ алдағы уақытта Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылында да ауқымды абаттандыру жұмыстары қолға алынбақ. Атап айтсақ, елді мекеннің Жамбыл көшесінде демалыс аймағын салу көзделген.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив