Риддер ЖЭО: жөндеу жұмыстары куәгерлер көзімен
Осы күздегі ең жақсы жаңалықтардың бірі, әрине, Риддерде жылыту маусымының басталғаны туралы хабар болды. Жылу көзіндегі жөндеу жұмыстарына баршаның назары ауды. Алайда, көпшілік қирап жатқан аталмыш стратегиялық нысанды қайта жандандыру үшін қаншама күш жұмсауға тура келгеніy біле бермейді.
Бұрынғы меншік иелерінің жосықсыздығы мен немқұрайлығы – кеншілер қаласындағы бірден-бір жылу орталығының осындай мүшкіл халге жетуінің басты себебі болды. Риддердің қандай жағдайға тап болғаны бәріміздің есімізде. Компания жеке меншік қарамағында болса да, мәселе күрделеніп, «төтенше» жағдай орын алған кезде мемлекет, жергілікті билік өкілдері жедел түрде бар күштерді жұмылдырып, бірден қол ұшын созды. Басқалай болуы мүмкін де емес еді, қала тұрғындарын қақаған қыста жылумен қамтамасыз ету ең басты міндет болды, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Жағдайды Мемлекет басшысының өзі жеке бақылауына алды. Республикалық қазынадан 8,39 миллиард теңге, ал облыстық бюджеттен 533 миллион теңге бөлінді. Апат салдарын жоюға бүкіл елімізден білікті мамандар тартылды. Алайда «жүктің» басым бөлігін облыс кәсіпорындары көтерді.
Қысқа ғана мерзім ішінде, бір жазда деп те айтуға болады, жылу орталығының барлық алты қазандығында күрелі жөндеу жүргізілді. Мұндай орасан зор жұмыстың ауқымын түсіне білу қажет. Әдетте осындай ауқымды жаңалау процесі, құрал-жабдықтарды орнатып, іске қосу жұмыстары жылдар бойы атқарылады. Бұл – көптеген мамандар мен білікті еңбеккерлердің ортақ күш-жігерін талап ететін өте күрделі және ауыр жұмыс.
Біздің тілшілер Риддер жылу-электр орталығындағы жөндеу жұмыстарының барысын өз көздерімен көріп қайтты. Қазір қалпына келтіру процесі мәреге таяғанмен, жұмыс қарқыны күшеймесе, бәсеңдемеген. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов, Риддер қаласының әкімі Дәулет Батырбаев, өзге де салаға жауапты қызметкерлер күні-түні ЖЭО-да, жұмыстардың басы-қасында жүр. Жөндеу жұмыстарының барысын ұдайы бақылау әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен емес Аймақ басшысы Ермек Көшербаев Риддер жылу орталығына үш-төрт күн сайын іссапармен барып тұрады. Кез келген оқыс оқиғаны болдырмау үшін нысанда құқық қорғау органдары күшімен тәулік бойғы патрульдеу ұйымдастырылған.
Оның айтуынша, алғашқы бір жарым айда мердігерлер жобаның аса маңызды екенін ұғына отырып, жұмысты өз қаржыларына атқарды. Мемлекет қаражатын жеке меншік кәсіпорынды жөндеуге, оның ішінде қайта құруға салу мүмкін болмады. Мәселені шешу үшін Үкімет қаулысын өзгертуге тура келді. Қазір кәсіпорынды коммуналдық теңгерімге алу жұмыстары жүріп жатыр.
Нұрлан Рамазановтың айтуынша, бұрынғы меншік иелері ЖЭО-ны өте мүшкіл халге дейін жеткізген. Қарапйым мысал: мазут станциясында тізеден мазут төгіліп жатыпты. Оны тазарту үшін ғана бес тәулік уақыт кеткен. Желдету жүйесі істемегендіктен отын жеткізу тарктісінде көмір шаңы тұтанып, жарылыс болғаны, өрт шыққаны да белгілі. Жоғары қысымды үш қазандық сағатына 75 тонна, ал орта қысымдағы үш қазандық 50 тонна бу беріп тұрыпты. Олар талап бойынша тиісінше сағатына 110 және 75 тонна беруі тиіс-тін. 1660 өлшеу аспаптарының бірі де тексерілмеген екен. Олардың қаншалық дұрыс есептейтіні күмәнді.
Маманның айтуынша, алдағы жылыту маусымы штаттық режимде өтуге тиіс. Қыста қаланы жылыту үшін төрт қазандықтың күші жетеді. Қатты аяздарда қосымша тағы біреуін қосуға болады. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ.
Цех ішінде жұмысшыларға нұсқау беріп жатқан станция ауысымының бастығы Евгения Ларионованы сөзге тарттық.
Алайда, ауысым бастығының айтуынша, орталық еңбеккерлері бар, тартылған мердігер ұйымдар бар, барлығы бірлесе отырып, қолдан келгеннің бәрін атқарып шықты. Орталық қайта түлегендей, жаңа қарқын алғандай болды.
Қазандық цехының ауысым бастығы Вячеслав Евдухин де жылу орталығындағы жөндеу жұмыстарына сүбелі үлесін қосып келеді. Бірақ, болмысынан қарапайым ол тек өз міндетін атқарып жүргенін ғана айтады.
Еңбек етіп жүргеніне тоғыз жыл болған қазандықты тазалаушы және жағушы Алексей Нечунаев апаттардан соң жұмыстың қиындай түскенін, алайда бәрін де еңсеріп шыққандарын айтады. Қазандықтар күрделі жөндеуден өтіп, біртіндеп іске қосыла бастағаннан соң бәрі де реттеліп келеді.
Адамдар мұнда тәулік бойы тыным таппай еңбек етуде. Мемлекеттік қызметшілер де, инженерлер де, жұмысшылар да ортақ іске біркісідей жұмылған. Естеріңізге салар болсақ, 26 қыркүйекте №3 қазандық іске қосылып, қалаға ыстық су, ал әлеуметтік мекемелерге – балабақшаларға, мектептерге, ауруханаларға жылу жөнелтуді бастап кеткен болатын. 7 қазанда Риддер қаласының үйлеріне кезекпен жылу беріле бастады. Өткен қыс бойы тоңып, ыстық суға зар болып шыққан риддерліктер үшін бұл үлкен қуаныш болды. Осылайша, бүгінгі таңда Риддер жылу-электр орталығында күрделі жөндеуден өткен орта қысымдағы №1 және №3 қазандықтар қалыпты жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар басқа қазандықтардағы дайындық жұмыстары жалғасуда. Орта қысымдағы №2 қазандығын қосу-баптау аяқталуға жақын. Ал жоғары қысымдағы №4, №5, №6 қазандықтарды күрделі жөндеу тәуліктік режимде жалғасуда.
Күрделі жөндеуден кейін қазандықтардың өздері де, құбырлар мен құрылғылар да, бәрі де су жаңа. Кез келген жаңа техниканың іске біртіндеп қосылатыны белгілі. Тіпті үйдегі қарапайым кір жуу машинасын да нұсқаулық бойынша алғаш рет кір салмай іске қосасыз ғой. Ал, бұл – күрделі алып орталық. Күллі технологиялық тізбекті байланыстыру, қосылыстардағы сәйкессіздіктерді анықтап, жою біршама уақыт алады. Әр қазандықты іске қосқан соң мамандар осы жұмыстармен шұғылданады.
Осы ретте жаз бойы әлеуметтік желіде «сыншылар» мен «сарапшылардың» жағымсыз және тіпті арандатушылық сипаттағы жазбалары шығып жатты. Жайлы диванда жатып алып, әлеуметтік желіде өзгенің жұмысын сынау және жоққа шығару оп-оңай. Жөндеуден кейін жылу беруді және температура режимін реттеу қажет екенін біле тұра, пәтердегі судың немесе жылудың температурасы төмен екенін жар сала айтудың орнына неге ешкім жылу орталығына өз көмектерін ұсынбады екен?! Айталық, жөндеу жұмыстарынан кейінгі қоқыстарды шығаруға неге болыспасқа? Құрылысшылар мен инженерлердің мұндай жәрдемнен бас тартпасы анық қой.
Ауқымды жобаға тартылғандардың еңбегі еш кетпей, барлық жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес орындалып келеді. Біздіңше, апат салдарын жойып, орталықты қалпына келтіруші әр жанның ісі ерлікпен пара-пар.