Қарсақбайда балық зауыты салынады – ШҚО
Шартты сурет: ria.ru
Қайта құрылған Тарбағатай ауданы экономикасының негізі саналатын инфрақұрылымдар жүйесін дамытуға орай былтыр аудан бойынша 30 жобаға 1,2 млрд теңге бөлінсе, биыл қаражат көлемі бірнеше еселеніп, 8,3 млрд теңгеге жеткен.
Осылайша, бір кездері тіршілігі тоқырап қалған өңірдің бойына қан жүгіріп, үлкен өзгерістер келіп, жағымды жаңалықтар болып жатыр. Бөлінген қаржының тең жартысына жуығы ауданның әлеуметтік саласын жетілдіріп, дамытуға жұмсалуда, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Тарбағатай ауданында егін шаруашылығымен бірге көл жағалаған елдің байырғы кәсібі – балық шаруашылығын да қатар өркендету жоспарланып отыр. Ауданда Зайсан көлінің жанынан жаңа балық зауытын ашуға инвесторлармен келісім жасалып жатыр.
Аудан әкімі Дархан Жөргекбаевтың айтқанындай, еуростандарт технологияға негізделген жаңа өндіріс Қарсақбай учаскесінен ашылғалы отыр. Жобалық құны 1,5 млрд теңге болатын балық зауытында барлық талаптарға сай түбегейлі өңдеуден өтетін балық өнімдері өндіріліп, экспортқа шығарылатын болады.
Автор: Жамал Ермен