Өскеменде ірі өрт тежелді
Өскеменде 17 қазанда Примыкание көшесінде орналасқан ЖШС аумағында өрт шықты.
Май экстракциялау кешенінің кептіргіш камерасында күнбағыс дәні өртенген. Өртті сөндіруге барлық жедел қызметтер жұмылдырылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.
Алдын ала жасалған болжам бойынша, өрттің шығу себебі технологиялық процестің бұзылуына байланысты болған.
Сын сағатта әбжіл әрекет жасайтын өрт сөндірушілер мен жұмылдырылған барлық құрылымдардың арқасында қызыл жалын дер кезінде ауыздықталды.
Өрт сағат 6:25-те тежелді.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, өртті сөндіруге жеке құрамнан 61 адам және 15 техника, "Таза Өскемен" ЖШС-нен 6 адам және 3 техника, сондай-ақ "ҚТЖ ҰК" АҚ-ның өрт сөндіру пойызы жұмылдырылған.
Өрт сөндіру қызметі 3000 тоннаға жуық дайын өнімнің жанып кетуіне және жалынның жақын маңда орналасқан өрт қауіпті құрылыстарға таралуына жол бермеді.