KZ
Өскемен
+9°
дождь жел 3,5 м/с, Ю
492.14 528.85 5.01

Облыстың атын асқақтатып жүрген студенттік команда – ШҚО

19.10.2023, 18:12 704

Елде бұқаралық спортқа ерекше назар аударылып жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оны дамыту аса маңызды екенін айтқан. Осы мақсатта Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да жүйелі жұмыс қолға алынған. Өнертапқыштар мен технология саласының үздіктерін оқытатын ұстаханаға айналған оқу орнының басшылығы студенттерінің оқуда ғана емес, спортта да үздік болуына жағдай тудырған.

Аталған оқу орнының волейбол құрамасы елеулі жетістікке жетіп, мүшелері ел байрағын әлемдік жарыстарда желбіретіп жүр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

– Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз, – деп баса айтқан Мемлекет басшысы.

Аталған оқу орнының студенттері спортты оқумен қатар ала жүріп, түрлі жетістіктерге жетіп жатыр. Мамандығы спорт саласына қатысты болмаса да, жүлделі орындардан көрініп жүрген жастардың ынтасы зор.

Суденттерден құралған құраманың қоржынында халықаралық және республикалық жарыстардың жүлдесі бар. Олар өңір атын дүбірлі жарыстарда әйгілеп жүр. Студенттер 2018 жылы Баку қаласында өткен Бірінші түркі спорттық ойындарына (Дүниежүзілік Түркі Универсиадасы) елдің атынан қатысып, 3-орынды иеленді. 2018 жылы жоғары оқу орындарының арасында өткен ШҚТУ-дың 60 жыл мерейтойына арналған республикалық турнирде 12 команданың арасынан топ жарып шықты. Ал 2023 жылы жоғары оқу орындарының арасында өткен республикалық спорттық лигада 60-тан астам командамен бәсекелесіп, ақтық ойынға 14 команда жолдама алған. Осы ойында ШҚТУ командасы үшінші жыл қатарынан қола медаль иегері атанды. Құрама мүшелерінің жетістігі команданың нәтижесінен қалыс қалмайды. 2021 жылы XI Жазғы универсиадада жағажай волейболынан ерлер арасында өткен сайыста Ади Әбіш пен Абзал Дүйсембекұлы 2-орын алды. Осы додада әйелдер арасында Назерке Байтұрсын және Гүлсана Төлеуғалиқызы да 2-орыннан көрінді.

Аталған оқу орнындағы Денсаулық және спорт орталығының басшысы Болатбек Даумовтың айтуынша, студенттердің қабілетін шыңдау үшін оларға түрлі жаттығу істететін көрінеді.

– Спорт оқуға кедергі келтірмейді. Оқу-жаттығу сабақтан тыс кезде өтеді. Спортшылардың қабілетін дамыту үшін түрлі спорт жаттығуларын істетеміз. Аптасына үш күн волейболға арналған жаттығу істесе, бір күн оқу орнында орналасқан фитнес залда жаттығады, тағы бірінде О.Рыпакова атындағы спорт кешенінде жүгіріп, секіріп, бой сергітеді. Жаттығуларды кезек-кезек алмастырып отырамыз, – дейді ол.

Спортпен айналысу еңбек жолында да септігін тигізеді.

– Оның пайдасы ретінде саламатты өмір салтын ұстану, жетістікке жетіп, тұғырдан көрінуді айтар едім. Жұмысқа орналасқанда да спорт кәдеге жарайды. Қазіргі заманда жұмыс берушілер денсаулығы мықты, спортпен айналысатын азаматтарды іздейді. Үлкен және шағын компаниялардың арасында түрлі спорт жарысы, оның ішінде волейбол сайысы жиі ұйымдастырылады. Міне, осындай жерде біздің волейболшылар өз қабілетін танытады, – дейді Болатбек Даумов.

Қазіргі таңда құраманың кейбір мүшесі спортты тек қызығушылық ретінде қалдырмай, кәсібіне айналдырған. Ади Әбіш «Алтай» волейбол клубының ерлер ұлттық лигасының негізгі құрамында жүрсе, Мирас Дәлелханов пен Абзал Дүйсембекұлы 2020-2022 жылдары Көкшетау қаласының Жоғары лигадағы «Ұшқын» құрамасында өнер көрсетті.  

#kzdayrepublic 

#republicdaykz



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив