Орташа жалақы мөлшері жарияланды
Фото: egemen.kz
Ұлттық статистика бюросы ел азаматтарының биылғы орташа жалақысын жариялады. Дерекке сенсек, орташа жалақы 322 мың 845 теңгені құраған.
Ерлердің орташа жалақысы — 361 мың 481 теңге, әйелдердікі — 285 мың 744 теңге, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстанда 3 миллион 437 мың қызметкер бар. Ең жоғары орташа жалақы Атырау облысында (530 мың теңгеден астам) тіркелген. Екінші орында Маңғыстау облысы (469 мың теңге), үшінші орында Ұлытау облысы (445 мың теңгеге жуық) тұр. Жалақының ең төменгі мөлшері Солтүстік Қазақстан облысында (227 мың теңге) тіркелген.
Ресми деректерге сүйенсек, биыл қызметкерлердің орташа жалақысы білім деңгейі бойынша келесідей бөлінді: орта білім – 230 мың 841 теңге, жоғары білім – 398 мың 214 теңге, жоғары оқу орнынан кейінгі білім – 505 170 теңге.
Қазақстан экономикасында білім деңгейі бойынша орта есеппен ерлердің орташа айлық жалақысы әйелдерге қарағанда 39%-ға жоғары.