KZ
Өскемен
-12°
плотный туман жел 1 м/с, СШ
498.51 522.84 4.81

Төл теңгеге 30 жыл: ұлттық валюта туралы не білеміз?

Фото: halyq-uni.kz

15.11.2023, 09:00 701 Қызырбек Дүргінбайұлы

15 қараша - Ұлттық валюта күні.

Төл теңгеміздің айналымға енгеніне биыл 30 жыл толып отыр. Осы аралықта теңге еліміздің экономикасының өлшеміне айнала білді. Теңге өзінің тарихын жасап, экономикалық айналымның тетігіне айналды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі. 

Ұлттық валюта күніне орай Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қазынашылық департаменті электрондық депозитарий бөлімінің басшысы Руслан Егенбаевпен сұхбат құрған едік.


 – Тақырыпты теңгенің шығу тарихынан бастасақ.

– Теңгенің тарихы ел Президентінің 1993 жылғы 12 қарашада қол қойған «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлығынан бастау алады. Арада үш күн өткенде,  1993 жылғы 15 қарашада ел аумағындағы жаңа сауда-саттық құралы ретінде ұлттық валютамыз – теңге қолданысқа енді. Алайда теңгені айналысқа енгізуге дайындық  жұмыстары сонау 1991 жылы басталған. Ең алдымен теңге дизайнын әзірлейтін мамандар тобы құрылды. Теңгені өмірге әкелген дизайнер-суретшілер – Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Ғабжәлелов, Досбол Қасымов. Ал тиынның дизайнын жасау Айрат Исмамбетов пен Виктор Ивженкоға тапсырылды. Осылай 1992 жылғы 27 тамызда Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Сол 1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер де бекітілді.

 

– «Теңге» атауын кім ұсынған?

– Жаңа валютаға «ақша», «сом», «алтын» сияқты атаулар ұсынылғанымен, «теңге» атауына тоқталған. Бұл атауды ұсынған – халықаралық инженерлер академиясының академигі, ғалым, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежанов.

 

– Алғашқы теңге қайда басылды? Елімізде теңге шығаратын тиісті фабрикалар болды ма?

– Алғашқы теңге Лондонда «Harrison & Sons» фабрикасында басылып шықты. Қазақтардың теңгені қағазға басып беру туралы тапсырысы компанияның әлемдік деңгейде атын шығаруға себеп болды. Теңгенің арқасында аталмыш компания Ұлыбритания ханымының Алтын белгісімен марапатталып, біздің ұлттық валютамыз Британия корольдігінің ең үздік экспорттық өнімі аталды. Ал алғашқы  қазақстандық монеталар Германияда жезден және никель күмістен жасалды. Теңгенің алғашқы партиясын Лондоннан Қазақстанға жеткізу үшін 4 ИЛ-76 ұшағы 18 рейс жасап,  жеткізді. Содан соң ақшаны 8 күннің ішінде қазақстандық банктерге бөліп берді. Ескі үлгідегі ақшаларды Қазақстанның жаңа теңгесіне айырбастау 15 қарашада таңғы сағат 8.00-ден бастап 20 қараша күні кешкі сағат 20.00-ге дейін жалғасты. Осы үш күн ішінде қолданыстағы рубльдер теңгеге айырбасталды. Осылай ұлттық валютамыз отандастар қолына тиді.

Теңгені Лондонда басып шығаруының себебі – сол кезде Қазақстанда өзінің банкнот шығаратын фабрикасы мен Монета сарайы болмады. Қазақстандық Банкнот фабрикасы 1995 жылғы мамырда Алматыда ашылып, қазіргі уақытта банкноттар сонда шығарылады, ал монеталар Өскемен қаласындағы Монета сарайында жасалады.

 

– Теңге қазақ тарихындағы алғашқы ақша емес қой?

– Иә, теңге – еліміздегі алғашқы ақша емес. Ежелгі Қазақстан аумағында ақша бұдан көптеген ғасырлар бұрын пайдаланылған. Сырдарияда, Отырар алқабында түркі билеушілері, ал Жетісуда түргештер 7-8 ғасырларда өз ақшаларын шығарған. Отырар мен Исфиджабта монета сарайлары жұмыс істеген, теңгелерді Түркістан мен Тараз қалаларындағы арнаулы шеберханаларда да жасаған. 14 ғасырдың соңынан бастап Әмір Темірдің монеталары айналымға енді. Бұлардан бөлек, Қазақстан қалаларында Самарқанд, Бұхара, Ташкент монеталары да пайдаланылды. Күрделі 20 ғасырда Қазақстан біртұтас рубль аймағына кірді. Бұл 1993 жылғы қарашаға дейін, яғни төл теңгеміз енгізілгенге дейін жалғасты.

 

– Өткен 30 жыл ішінде теңгенің дизайны қалай өзгеріп отырды?

– Төл теңгеміздің алғашқы банкноттарында еліміздің тарихи тұлғалары бейнеленген. Мысалы,  1 теңгелік купюрада әл-Фараби, 3 теңгелік купюрада Сүйінбай ақын, 5 теңгеде Құрманғазы, 10 теңгеде Шоқан Уәлиханов, 20 теңгелік купюрада Абай, 50 теңгелікте Әбілқайыр хан және 100 теңгелік купюрада Абылай ханның суреттері болған. Күллі қазақтың мақтанышына айналған тұңғыш теңгенің келбеті бүгінде мұражайларда сақталуда. Ал 2006 жылы теңгенің жаңа нышаны таңдалды, авторлары – Вадим Давиденко мен Санжар Амерханов. Ондағы суреттер алынып тасталып, теңге қорғанышын бекіте түсті. Себебі жасанды ақшада қара дақтар пайда болатындықтан, ақшаның көшірмесін жасауға құштар алаяқтардың арманы іске аспайтыны белгілі. Содан кейін 2, 5, 10 мың теңгелік, артынша 20 мың теңгелік банкноттар да пайда болды. Бүгінгі таңда теңге – жалған ақша жасаушыларға қарсы тұра алатын, әлемдегі ең қауіпсіз валюта. Америкалықтар теңгенің технологиясына сүйеніп, доллардың қауіпсіздігін күшейткен. Айталық, 2011, 2012, 2013 жылдары теңге банкнотасы үш рет дүниежүзіндегі ең үздік қағаз ақша ретінде танылды.

 

– Тәуелсіз Қазақстанның тарихында теңгенің рөлі қандай?

– Әрбір егеменді елдің өзіне тән мемлекеттік рәміздері, яғни белгілері болады. Оған ту, елтаңба және әнұран жататыны белгілі. Ал тәуелсіздік алған елдің ең бірінші айрықша белгісі – ұлттық валюта. Ол – республика көлемінде пайдаланылатын заңды төлем құралы. Ақша – асыл қазына, халық байлығы.  Ұлттық валюта ұлттық экономикамыздың іргетасын қалауға ықпал етті. Қазір теңге тұтастай Қазақстан мен оның барша азаматтарының дербес тіршілігінің, мемлекет тәуелсіздігінің айғағы болып отыр. Ұлттық ақша осы жылдар ішінде түрлі қаржы дағдарыстарына төтеп беріп, жұртшылық тарапынан инвестициялық сенімге ие болды.

 

– Ұлттық валюта күні қарсаңында қаржы саласының қызметкерлері өздерінің кәсіптік мерекесін де атап өтеді ғой?

– Бұл мейрамдар тікелей байланысты болғандықтан, қатар тойланады. Теңге – ол ақша ғой, ал қаржы мен ақша – бөлінбейтін категориялар. Мысалы, қаржы жүйесіне кіретін Қазынашылықты алсақ, бұл – шын мәнінде қазына қоймасы. Әр адам, жалпы адамзат қашанда ауқатты тұруды армандап, біреуге қарап қалмаудың қамын ойластырып, қысылмау үшін қор жиған. Бұл «қазына» деп бір сөзге сыйып тұрған жаңа ұғымның пайда болуына тиек болды. Қазына – мемлекеттің асыл құндылықтары, мүлкі, қаржы-қаражаты. Қаржы саласының қызметкерлері, оның ішінде қазынашылық мамандары, мемлекет қаражатының дұрыс пайдалануын, мақсатқа сай жұмсалуын бақылайды. Қаржы қызметкерлерінің еліміздің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз етудегі рөлі зор, өйткені қаржы-қаражатсыз экономиканы дамыту, мықты мемлекет құру мүмкін емес. Сондықтан бұл екі мерекені біріктіріп, бір күнде атап өту дұрыс деп ойлаймын.

 

– Облысымызда қазынашылық мекемелері қашан құрылды?

– Қазақстан егемендік алғаннан кейін бюджеттік жүйені қалыпқа келтіру мәселесі туындады. Елдегі қаржыны басқару саласындағы мәселелерді шешу үшін «Қазақстан Республикасында Қазынашылықты құру туралы» ел Президентінің 1994 жылғы  27 қаңтардағы №1526 Жарлығы негізінде Қаржы министрлігі жанынан Бас қазынашылық басқармасы құрылды. Ал 1995 жылғы 2 мамырда Шығыс Қазақстан облыстық қазынашылық басқармасы құрылып, аудандарда қазынашылықтың аймақтық бөлімшелері ашылды. Сөйтіп, Қазақстан ТМД елдері ішінде ең бірінші болып Қазынашылық жүйесін құрды. Дүниежүзілік сарапшылардың пікірі бойынша, бүгінгі күні Қазақстанда ең озық әрі заманауи ақпараттық жүйелердің бірі  қалыптастырылған.

 

– Қазынашылық органдары қандай қызмет атқарады?

– Қазынашылықтың негізгі міндеті – мемлекеттік бюджетті уақтылы әрі сапалы атқару. Департаментте барлық қаржы құжаттары «Қазынашылық-Клиент» ақпараттық жүйесі арқылы өңделіп, өткізіледі, яғни барлық төлем операциялары толығымен автоматтандырылған. Қазіргі кезде қазынашылық еліміздің  бюджеттік жүйесінің маңызды бір бөлігі ретінде қалыптасып дамыды, мемлекеттік бюджетті басқару жүйесінде өзіне лайықты орнын алды.

 

– Сұхбатыңыз үшін рақмет!

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу