KZ
Өскемен
+19°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
481.84 531.33 5.07

Көлік министрі ШҚО тұрғындарымен кездесті

9.12.2023, 17:30 157

ШҚО тұрғындары үшін ең маңызды мәселелер – жолаушылар тасымалы, жолдарды жөндеу және Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы.

 

Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев облыс тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

ШҚО тұрғындарымен кездесудің қорытындысы бойынша министр өңір азаматтарының өзекті мәселелерді шешуге белсенді қатысып келетінін атап өтті.

– Шығыс Қазақстанда стратегиялық нысанның – Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысын аяқтау мәселесі жиі көтерілді, – деді министр. – Біз жазда жаңа көпірдің құрылысын барып көрдік, жағдайды зерделедік. Нысан республикалық балансқа, яғни «Қазавтожол» салалық кәсіпорнының теңгеріміне қабылданды. Биыл қаржы қажетті мөлшерде бөлінді. Премьер-Министр қаражат бөлу туралы ұсынысты қолдап отыр, келесі жылы құрылысты аяқтауға және көпірді автомобильдер қозғалысы үшін ашуға тырысамыз. 


 Министрдің айтуынша, көпірдегі қажетті жұмыстар қыс мезгілінде де жалғасатын болады.

– Келесі мәселелер тобы Өскемен – Риддер, Өскемен – Шемонаиха, Өскемен – Семей жолдарын жөндеуге қатысты болды, – деп атап өтті министр. – Кем дегенде келесі жылы осы үш бағыт бойынша орташа жөндеуді бастауға тырысамыз. Тағы бір мәселе  –  «Өскемен – Новосибирск» әуе рейсі, бұл ретте әзірге тек бір айға ұшуға рұқсат берілген, біз әуе тасымалын тұрақты негізде іске қосу үшін Ресей Федерациясының салалық министрлігімен келіссөздер жүргізетін боламыз. Облыс тұрғындары Өскемен мен Шымкент арасында әуе қатынасын қайта бастауды сұрады, бұл субсидияланатын немесе коммерциялық авиарейс болуы керек. 

Сондай-ақ кездесу барысында ШҚО-дан Томск қаласына дейінгі теміржол бағытын ашу мәселесі талқыланды.

– Алдағы дүйсенбіде біз Ресей Федерациясының көлік министрлігімен және «Ресей темір жолдары» компаниясының басшылығымен осы қажетті бағытты қалпына келтіруге көмектесу үшін келіссөздер жүргіземіз, − деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев бір апта бойы бірқатар өңірлерге барып, жергілікті тұрғындармен кездесетін болады. Бұл туралы министрдің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив