KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, В
495.95 524.37 4.98

Риддердегі су тасқынынан келген шығын көктемде анықталады

20.12.2023, 15:32 114

Биыл қыс басталғалы бері ШҚО-ның бірнеше аудан-қаласында тұрғын үйлерді су басты. Күннің күрт суытуынан өзендерде мұз кептілісі туындап, соның салдарынан Риддер қаласында, Катонқарағай және Күршім аудандарында бірнеше үйдің жертөлесі мен аулаларына су кірген.

 

Бүгін Өскемен халқымен болған кездесуде ШҚО әкімі Ермек Көшербаев қыстың көзі қырауда өзен суының арнасынан асып, жайылуына көп жағдайда табиғи құбылыстар әсер ететінін айтты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.  

 

Аймақ басшысының айтуынша, қыстыгүні аяз күрт күшейген кезде өзен бетінде қабыршақ мұздар пайда болып, су арнасы тарылады. Сөйтіп ағынды су арнасынан асып, жайылады. 

 

Мұндай жағдай шамамен он күн бұрын Риддерде болған. «ЛК ГЭС» ЖШС-нің рұқсатсыз суды мөлшерден тыс жіберуі салдарынан бірнеше тұрғын үйдің ауласына және жертөлесіне су кірді. Облыс әкімі оқиға орнына дереу барып, тұрғындармен сөйлесті. Жертөлеге толған су сорғымен сыртқа шығарылып, үйлердің іргетасы кептірілді.

 

Су басудан келген шығынды дәл қазір есептеу мүмкін емес, өйткені көктем шыға үйлердің іргетасы жылжуы мүмкін. Сол кезде шығын мөлшері қайта есептеліп, нақтыланады.

– Осы уақытқа дейін атқарылған істер «ЛК ГЭС» иесіне қойылатын талаптардың негізі болады. Олар зардап шеккен тұрғындарға жөндеу жүргізуге көмектессін, не болмаса келтірілген залалды өтесін, – деді аймақ басшысы Ермек Көшербаев.

Облыстың төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы органдар мұндай оқиғаларға жедел әрекет етеді.

 

Өңір басшысы су басу жағдайларын болдырмау үшін қауіпті өзен-көлдерді алдын ала анықтап, олардың арнасын тазарту жұмысын жүргізудің маңызды екенін атап өтті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу