ШҚО-да отандық өндірушілердің құқықтары қалай қорғалады?
Шығыс Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен ШҚО Кәсіпкерлер палатасы арасында "Сапалы Өнім" жобасын іске асыру шеңберінде өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
ШҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаментінің басшысы Данияр Дүйсембаев пен ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев "Сапалы Өнім" жобасын іске асыру шеңберінде өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Жоба ішкі нарықты және отандық өндірушілерді қауіпті және сапасыз өнімдерден қорғауға, адал бәсекелестікті дамыту үшін жағдай жасауға және сауда саясатында реттеуші шараларды әзірлеуге бағытталған.
Жобаны іске асыру алгоритмі қалыптасқан Жол картасына сәйкес бірқатар іс-шараларды көздейді. Мәселен, өңірлік кәсіпкерлер палаталары отандық өнімнің имиджін және танылуын қалыптастыру мақсатында "Сапалы Өнім" өнім сапасының отандық символын ішкі нарыққа енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуге қатысуы тиіс.
Айта кетейік, "Сапалы Өнім" символы халық үшін сапа, қауіпсіздік және қолжетімді баға кепілдіктерін бейнелеуге, сондай-ақ елдің ішкі нарығында жоғары бәсекелестік туғызуға арналған.
Айжанат Бақытқызы