KZ
Өскемен
+13°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, СБ
441.66 475.14 4.86

Көпбалалы отбасыларына баспаналы болу мүмкіндігі артты - ШҚО

9.02.2024, 20:00 610 Айна Ескенқызы

Өскеменде көпбалалы және  жалғыз басты аналар тұрғын үй кезегі мен оны жекешелендіру мәселесін талқылады.

“Қазақстан халық партиясы” облыстық филиалы мен «Жан ана» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған жиынға сонымен қатар «Отбасы банкінің» өкілдері де қатысып, мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат ұсынды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

 

- Бүгінгі жиында көпбалалы аналардың өтініш-талаптары қаралды. Мысалы, «Отбасы банк» арқылы берілетін «Бақытты отбасы» бағдарламасының игілігін көп отбасы көре алмай отырғаны айтылды. Екінші мәселе – субсидиялау. Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықтың аз қамтылған санатына арналған әлеуметтік бағдарлама бар, 50 пайызын мемлекет төлесе, қалған бөлігін пәтер жалдаушының өзі төлейді. Бұл бағдарлама да тиімсіз болып тұр. Үшінші мәселе әлеуметтік бағдарламалар арқылы беріліп жатқан баспаналар биылдан бастап жекешелендіруге жатпайды. Жиын барысында осы мәселелер талқыланып, ұсыныстар айтылды, - деді «Жан ана» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлжамал Бершімбекова.

Аналардың айтуынша, олардың дені бағдарлама арқылы үй ала алмайды. Өйткені банкке төлейтін несиелері бар, табыстары төмен. Банкке алдын ала төлейтін 10 пайыз жарнаны да төлей алмайды.

 - Несие берерде алдын ала төленетін жарнаны талап етпесе, кіріс туралы мәлімет сұралмаса жақсы болар еді. Жолдасымның жалақысы 200 мың теңге, ал мен жұмыс істемеймін, баламен үйде отырмын. Жалдамалы пәтердің иесіне 150 мың теңге бергенше сол ақшаны банкке төлеп отырсақ ерте ме, кеш пе өз баспанамыз болар еді, - дейді көпбалалы аналардың бірі.

Ақмер ауылындағы саяжайлардың бірінде тұрып жатқан «Алтын алқа» иегері Қазима апа Сәрсембаева үш жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұр.

– Бір баламның қолында саяжайда тұрам, оның өзінің төрт баласы бар. Маңайдың бәрі қаңғыған ит. Өзім ауырамын. 2020 жылы тұрғын үй кезегіне жазылып едім, әлі сол 140-шы болып тұрмын. Сол үйдің мәселесімен келдім осында, - дейді қария.

«Отбасы банк» облыстық филиалы директорының орынбасары Сәуле Көкенқызы «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушыларға қойылатын кейбір талаптардың жеңілдетілгенін айтты.

– Егер отбасының бір мүшесі жұмыс істесе, ортақ кіріске оның жалақысы және оған қосымша балаларға берілетін жәрдемақылар да кіріс болып есептеледі. Қазір алдың ала 10 пайыз төлемді мемлекет береді және биылдан бастап несиеге 15 миллион теңгеге дейін қаржы беріледі, - деп түсіндірді директордың орынбасары.

Жиын соңында қоғам белсенділері мен көпбалалы аналар несиелеуді жеңілдету туралы ұсыныстарын айтты. Олар бұл өтініштеріне тиісті органдар құлақ асса, ипотекалық несиені алу қолжетімді болатынына сенімді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив